Заңгер: Ата заң кіріспесі – жастар үшін мықты тәрбие құралы
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жаңартылатын Конституцияның кіріспесіндегі өзгешеліктерді тәрбие құралы ретінде бағалады.
– Педагог ретінде айтсам, Конституцияның кіріспесі – өскелең ұрпаққа бағдар. Олар қандай құндылықтар бізде басым деген сұраққа жауап табады. Ата заң кіріспесі – әсіресе жастар үшін мықты тәрбие құралы. Біз Конституцияның тек жалаң мәтіндер жиынтығы емес, іс жүзінде орындалатын басты құжат ретіндегі мән-мағынасын, маңызын аша түсуіміз қажет, - деді заң ғылымдарының докторы.
Сондай-ақ ол Конституция мемлекеттің сыртқы саясаттағы беделіне де әсер ететін құжат екенін еске салды.
– Заң мен тәртіп қағидасы, біртұтастық, ынтымақ, этносаралық келісім, мәдениет, білім, ғылым идеялары бекітілген кіріспенің жалпы логикасына сәйкес келеді және үндесіп жатыр. Әділетті Қазақстан және Заң мен тәртіп ұғымдары осы құндылықтардың практикалық бағытын күшейтеді және оларды нақты мемлекеттік саясатпен байланыстырады. Біз қазір ең маңызды тарихи сәттеміз. Құқық жүйесінің тұрақтылығы, қоғамның сенімі және еліміздің халықаралық беделі қабылданатын басты заңның сапасына байланысты болмақ, - деді ректор.
Еске салайық, Конституциялық комиссияның V отырысын Kazinform агенттігінің ресурстарынан көруге болады.
Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.