Заңгер көп, судья жетіспейді – Сәкен Абдолла

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміз бойынша 300-ден астам судья жетіспейді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Жоғарғы сот судьясы Сәкен Абдолла айтты.

Ринат Бектұров
Фото: Дамир Ерубаев

«Біз тек қана заңды басшылыққа алмаймыз, сот тәжірибесін қараймыз. Әр судья ішкі дүниесіне, ар-ожданына, намысына, адамгершілігіне, керек десеңіз имандылығына байланысты істі сезінеді және соған орай шешім қабылдауға тырысады. Оған заң аясында толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ықпалға түсті, анау-мынау деп айтып жатады. Меніңше, бұл адами қасиетіне, өзінің мінез-құлқына байланысты дүниелерден туындайтын жайт. Ал заң аясында және ішкі дүниеңмен, болмысыңмен шешім қабылдасаң да, әрине, екі тарап үшін де дұрыс шешім қабылдадым деу қиын. Бірі болмаса, екіншісі оны құптамайды. Заң аясында әрі әділеттікпен шешім қабылдасаң, ішкі дүниең алдай алмайды, алдамайды да», — деді судья.

Осы ретте ол өз тәжірибесінде мұндай жайттың жиі болып, әділ шешімге тараптардың ризашылық білдіргенін айтады. 

«Сол сәтте бүкіл денеңнен рухани дүние өткендей болып, нәр аласың. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. 38 жыл мемлекеттік қызмет жасасам, соның 23 жылында судья қызметін атқардым. Қанша іс қарағанымды есептеген емеспін. Бізде іс, әсіресе, Алматы, Астана қалаларында өте көп. Амалсыз, қарауға тырысады. Сенбі, жексенбі жұмысқа шығады. Алда тұрған күрделі мәселенің бірі осы. Судьялар жетіспейді. Бізде 300-ден аса бос орын бар. Ал заңгерлер өте көп», — деді Сәкен Абдолла.

Соңғы жаңалықтар