Заңгер мамандығына мемлекеттік грант үлесі өте аз - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ тілінде заңгерлерге оқулық жазатын авторларға тікелей қолдау тетігі жасалуы керек. Бұл туралы Сенатта заң білімін дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутат Наурызбай Байқадамов мәлім етті.

- Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті жүргізілген зерделеу жұмыстары мен оқу орындары, құқықтық қауымдастықтардың, сарапшылардың ұсыныстары негізінде шешуді талап ететін бірнеше проблема айқындалды. Біріншіден, заңгер мамандығына мемлекеттік гранттың үлесі өте аз болғандықтан, көбісі ақылы негізде оқуға мәжбүр. Оқу орындары оқу қаржысына қатысты тәртіпті сақтай бермейді. Көп жастар «көрпесіне қарай көсіліп» арзан оқу орындарын таңдайды. Ол мекемелердің материалдық – техникалық базасы төмен, көбіне екінші диплом алатындарға «жеңіл» жол ашып қойғандығы белгілі. Екіншіден, оқу орындары мен өндіріс арасында теориялық білім мен практиканы үйлесімді байланыстыру әлсіз. Магистранттар мен докторанттар өз оқулары кезінде практикадан тыс қалады. Маман дайындау ісіне сот жүйесі, құқық қорғау органдары өкілдері тікелей араласқаны дұрыс деп санаймыз, - деді Н. Байқадамов.
Оның айтуынша, заң білімін дамытудың жаңа тұжырымдамасында әрбір құқықтанушы-бакалавр кәсіби құзіретінде қолданып, құқық шығармашылық процесіне қатыса алатындай деңгейде қазақ тілін білуі тиіс делінген. Соңғы үш жылда мемлекеттік тілде заңгерлік білім алуға сұраныстың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Дегенмен, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі мамандар аз және қазақ тіліндегі оқулықтармен қамту үлесі көңіл көншітпейді.
- Сондықтан оқулық жазатын авторлар мен қажет әдебиеттерді аударатын мамандарға тікелей қолдау тетігі жасалуы керек. Қазіргі уақытта әрбір оқу орны арнайы заң пәндерінің негізгі компаненттерін дербес түрде ұсынып, бекітеді. Нәтижесінде, әр оқу орындарының бағдарламаларында елеулі алшақтық пайда бола бастаған. Бірыңғай стандарттар мен бағдарламалар енгізу туралы мәселені зерделеу керек. Магистратура мен бакалавриат бағдарламаларының өзара сабақтастығын жетілдіру туралы ұсыныстар түсті. Атап айтқанда, заңдардың сапалы болуы үшін нормашығармашылық процестің барлық сатыларының тиімді ұйымдастырылуы қашанда маңызды. Заң жобаларын әзірлеуге қатысатын аналитикалық орталықтар мен сарапшылық топтарды нығайту үшін Әділет министрлігінің уәкілетті орган ретіндегі құзіретін күшейтуді ұсынамыз, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін айтты.