Заңгер пәтер аларда нені ескеру керегін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Пәтер сатып алу кезінде ықтимал тәуекелдерден сақтану үшін азаматтар құрылыс компаниясының құжаттарын мұқият тексеруі қажет. Бұл туралы заңгер Бекарыс Аминов түсіндірді.
— Құрылыс компаниялары кейде үлестік құрылыс шартының орнына инвестиция немесе бронь шартын ұсынады. Алайда заңнама бойынша салынып жатқан нысанға тек үлестік құрылыс шарты жасалуы керек. Оның арнайы бекітілген нысаны бар, — дейді маман Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.
Заңгердің айтуынша, үлескер компанияның барлық құжатын талап етуге толық құқылы. БСН бойынша ақпаратты интернеттен және Тұрғын үй порталынан тексеруге болады. Онда құрылыс компаниясының лицензиясы, салынып жатқан нысандары және жауапкершілікке тартылған компаниялар туралы мәлімет көрсетіледі.
Үлестік құрылысқа рұқсат беретін үш негіз бар:
1. Жергілікті атқарушы органның үлескерлерден ақша тартуға берген рұқсаты.
2. «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігі.
3. Екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуі арқылы жасалған құжат.
— Осы үш құжаттың біреуі болмаса, үлестік құрылыс шартына қол қоюға болмайды. Бұл талаптар азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған, — дейді Бекарыс Аминов.
Маманның айтуынша, кейбір компания құрылысқа дайын болмай тұрып, қаржы жинауға тырысады. Экономикалық жағдайды дұрыс болжай алмау немесе қаражаттың жетіспеушілігі үйдің аяқталмай қалуына әкелуі мүмкін.
Құқықтық даулар көбіне шарт талаптарын дұрыс тіркемегеннен туындайды. Егер құрылыс мерзімі кейінге шегерілсе және шартта айыппұл көзделген болса, азамат сотқа жүгініп, шығынды өндіріп ала алады.
Сонымен қатар, пәтерді қабылдау кезінде ауданы кішірейіп шықса, құрылыс салушы қосымша шарт жасап, айырмашылықты көрсетуге тиіс. Мұндай жағдайда да сотқа жүгінуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзғандарға 127 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.