Заңнамалық өзгеріс: Декларация тапсырудан бірқатар азамат босатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бұдан былай банктер құны 78,6 млн теңгеден асатын мүлік алған азаматтар жайлы деректі салық органдарына жолдауға міндетті болады. Одан бөлек, 250.00 және 270.00 нысан бойынша декларация тапсырудан бірқатар азамат босатылады.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Заңға қол қойды. Түзетулердің екінші блогы салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты. Атап айтқанда декларациялау мәселелерінде құқықтық айқындықты арттыруға және Салық кодексінің ережелеріне сілтеме нормаларды өзектендіруге бағытталған. Мемлекеттік кірістер комитеті Kazinform агенттігінің сұрауы бойынша нақты қандай нормалар енгізілгенін және ол азаматтарға қандай жаңа міндеттер жүктейтінін түсіндірді.
Декларация тапсырудағы жеңілдіктер мен жаңа талаптар
Қазақстанда жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу 2021 жылдан 2025 жылға дейін төрт кезеңде жүзеге асыру көзделген.
Қазіргі таңда, жалпыға бірдей декларациялаудың үш кезеңі аясындағы жалпы жүйеге 4,8 млн адам кірді, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары бар.
2025 жылы төртінші кезең шеңберінде декларация тапсыру міндеттемесі жеке құрылымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерге, зейнеткерлерге, үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге және басқа да тұлғаларға жүктелген болатын. Бұл шамамен 8 миллион адамды қамтитын еді.
Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, Салық Кодексінің жалпыға бірдей декларациялау бөлігіне енгізілген өзгерістерге сай енді декларация тапсыру міндетінен біраз адам босатылады.
- Үкімет Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлері I форумында берген тапсырмасын орындау мақсатында жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау арқылы декларациялаудың төртінші кезеңіне жататын азаматтарды декларация (активтер мен міндеттемелер туралы) тапсырудан босатуды ұсынды, бірақ шетелде активтері бар азаматтар бұл міндеттен босатылмайды, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысан) тапсыруға мына тұлғалар міндетті:
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде мүлкі бар Қазақстан Республикасының азаматтары және резиденттері;
- Сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға, сондай-ақ оларға теңестірілген лауазымдарға кандидаттар;
- Цифрлық активтері бар Қазақстан Республикасының азаматтары мен резиденттері;
- Жеке практикамен айналысатын адамдар.
Осы санаттарға жатпайтын жеке тұлғалар 250.00 нысан бойынша декларацияны табыстаудан босатылады.

Сонымен қатар ол мына санаттағы адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысан) тапсыруға міндетті екенін атап өтті:
- Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар (квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары мен құрылтайшыларын қоса алғанда), сондай-ақ олардың жұбайлары;
- Банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
- Коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары, дауыс беретін акцияларының үлесі 10%-дан асатын акционерлік қоғамдарда) және олардың жұбайлары;
- Жеке практикамен айналысатын адамдар;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мүлкі бар адамдар;
- Дербес салық салуға жататын табыс тапқан тұлғалар (дара кәсіпкерлердің кірістерін қоспағанда);
- 1 000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын сомада шетелдік банктерде ақшалай қаражаты бар тұлғалар;
- Құны 20 000 АЕК-тен асатын ірі мүлікті Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де сатып алған тұлғалар.
Осылайша, 270.00 нысан бойынша декларацияны тапсырудан көрсетілген санаттарға жатпайтын жеке тұлғалар босатылады. Тиісінше, аталған декларацияларды ұсынуға міндетті жеке тұлғалардың саны азаяды.

Банктер қымбат мүлік алғандардың дерегін салық органдарына береді
Спикердің айтуынша, қымбат мүлік алған адамдар 270.00 нысан бойынша декларация ұсынуға міндетті болады.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің (Салық кодексі)жалпыға бірдей декларациялау бөлігіне, атап айтқанда 633-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, есепті салық кезеңі ішінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын мүлік сатып алған жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысан) тапсыруға міндеттеледі:
- мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер;
- заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;
- бағалы қағаздар;
- туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүзеге асырылатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда);
- тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі;
- инвестициялық алтын.
- Бұл ретте салық төлеуші декларацияда 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді де көрсетеді, - дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы енді қымбат мүлік алғандар жайлы деректер банктерден мемлекеттік органға түсіп отыратынын атап өтті.
- Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, екінші деңгейлі банктер бір жыл ішінде құны 20 000 АЕК (78 640 000 тг) мөлшерінен асатын мүлікті сатып алған жеке тұлғаның банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Аталған мәліметтер негізінде сатып алуды жүзеге асырған жеке тұлғаның кірісі мен шығысына талдау жүргізіледі. Бұл өз кезегінде, Мемлекеттік кірістер органдарына салығы төленбеген кірістерді анықтап, әкімшілендіруге мүмкіндік береді, - деді Ерсайын Көптілеуұлы.
Еске сала кетейік, жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіне жататын қазақстандықтар 270.00 нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыруы тиіс.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұны eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн режимде жасауға болады.
Декларацияны мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Есептілік активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясы (250.00 нысан) тапсырылғаннан кейін ұсынылады.