Заңнамалық өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауы тиіс — Мәжіліс спикері

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі заңнамалық өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауы тиіс. Өзгерістерді еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек. Бұл пікірді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов келтірді.

Қошанов
Фото: М. Жұмабеков

— Бүгін депутаттар бюджеттің кіріс бөлігіндегі проблемаға ерекше тоқталды. Көтерілген мәселелер жаңа Салық кодексін қабылдаудың өзектілігін тағы да көрсетіп отыр. Бастысы, депутаттар жаңа салық және бюджет кодекстерінің нормаларын бір-біріне сәйкестендірді. Тұтастай алғанда, жаңа салық саясаты барлық олқылықтың орнын толтырып, түсінікті әрі әділ ережелер қалыптастырды. Біз жөнсіз салық жеңілдіктері мен бұралаң тұстарды алып тастадық. Депутаттар қолданыстағы салық жеңілдіктерінің тиімділігіне берілген бағаны бюджеттің атқарылуы жөніндегі әрбір есептен көретін болады, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы салықтық әкімшілендіруді күшейту қарастырылатынын айтты. 

— Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады. Соңғы бес айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі — 18 пайыз. Барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте, осы қарқынды бюджет кірісінің нақты өсіміне ұластырып, инфляция мен бағаны төмендетуге оң ықпал етуіне бағыттауымыз қажет. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек, — деп толықтырды спикер.

Бұған дейін Ерлан Қошанов бюджеттің игерілу барысы депутаттардың баса назарында болатынын айта келе, Үкіметтің дербес жауапкершілігі артатынын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу өсіп жатқанына алаңдады

Соңғы жаңалықтар