«Заңнан биік ешкім жоқ»: сарапшылар «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық» қоры мен оған еншілес ҚТЖ басшысының ұсталғаны туралы хабардан кейін мемлекеттік активтерді басқарушылардың жауапкершілігі тағы да талқыға түсті. Саясаттанушылар бұл оқиғаны биліктің «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға көшкенінің белгісі деп санайды.
Квазимемлекет сектордағы жетекшілердің ұсталуына орай алғашқылардың бірі болып саясаттанушы Данияр Әшімбаев пікір білдірді. Ол Telegram-арнасында бұл оқиғаны қор тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай деп атады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Заң және тәртіп» саясаты аясында жұрт назарын аударған шара өткізді. Квазимемлекеттік сектордағы ең жоғары лауазымды екі адам – «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағалары ұсталды. ҚТЖ тарихында мұндай жағдайлар бұрын да болған. Ал «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталғаны – бұрын-соңды болмаған оқиға, – деп жазды саясаттанушы.
Әшімбаевтың айтуынша, бұл әрекет мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басшылық қызметтегі адамның лауазымы мен саяси ықпалына қарамайтынын көрсетеді.
- Мемлекет жазаның бұлтартпастығы мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бел буғанын көрсетіп отыр, – деп жазды ол.
Саясаттанушы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын үнемі ұран етіп жүргенін еске салады. Оның айтуынша, бұл ұстанымның қайнар көзі – жаңа Конституция. Сондай-ақ ол Президент насихаттап жүрген жасампаз патриотизм заңсыздықты құптамайтынын айтады.
- Барша адамның құқығы да, міндеті де бірдей болу керек. «Самұрық-Қазына» басшысы елдегі ең жоғары лауазымдардың бірін атқарады. Ал қордың өзі көптеген маңызды бағдарламаны қаржыландырады. Мемлекеттің осындай адамды лауазымы мен беделіне қарамастан ұстауға рұқсат беруі өзгелерге сабақ болуға тиіс, – деп атап өтті саясаттанушы.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев те «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуын «Заң және тәртіп» қағидатымен байланыстырды. Оның пікірінше, қоғам мемлекеттік активтерді басқаратын лауазымды тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлықпен күресте қатаң шара қолданылғанын қалайды.
- Мемлекет қазынасынан алынған миллиардтаған долларды басқарып, түрлі мегажобаны жұмысының нәтижесі ретінде насихаттауға әуес кейбір басшылардың күтімі жақсы, тоқ жүзін көргенде қарапайым адамның көкейінде еріксіз күдік пайда болады. «Өмірдің өзі үйретті» демекші, мұндай адамдардың жұмысы барынша таза әрі ашық болуы керек, – деп жазды Әбішев Telegram-арнасында.
Саясаттанушы кейінгі жылдарда «Самұрық-Қазына» бірқатар табысты жобаны жүзеге асырғанын, басшысы да жеке табысын арттырғанын да атап өткен.
Ғ.Әбішев бұған мысал ретінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерді келтірді. Бұған дейін Нұрлан Жақыпов соңғы үш жылда 800 млн теңге табыс тапқаны белгілі болған еді. Саясаттанушы мұндай табыс алатын басшылардың күмән тудыратын кез келген әрекеттен аулақ болуы керектігін алға тартты.
- Мемлекеттік активтер сеніп тапсырылған басшылардың сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне ел басшылығы көз жұма алмайды деп ойлаймын, – деді ол.
Сарапшы бұл оқиғаны сыбайлас жемқорлықпен күрестегі жаңа ұстанымның белгісі деп бағалады. Оның пікірінше, құқық қорғау органдары мемлекет қаржысына қол сұққан әрбір адамды жауапқа тартуы керек.
- Жалпы, басқа жол жоқ. Мемлекеттік шығындарды қысқартып, бюджет кірісін арттыру міндеті тұрған кезде сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандарға қатаң шара қолдану ғана елдің алға жылжуына мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.
ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталғанын растағанын жазған едік.