«Заңның кері күші жоқ» қағидаты экс-президент туыстарын қандай жағдайда қорғай алады - Айдос Сарым

«Әділет министрі Елбасы туралы Конституциялық заң күшін жойғаннан кейін оның туыстары «тиіспеушілік» мәртебесінен айырылатынын айтты. Бірақ олардың осы заң күшін жойғанға дейін жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайтыны айтылды. Бұған қандай пікір білдіресіз?» деп сұрады БАҚ өкілі.
Айдос Сарымның айтуынша, бұл мәселе Нұрсұлтан Назарбаев туыстары әрекетінің сипатына байланысты.
«Түсінесіз бе, «Заңның кері күші жоқ» дейтін қағидат бар. Мысалы, қазір самокатқа қатысты заң нормалары қаралып жатыр. Кейін осы самокат бойынша бірқатар санкциялар қабылдануы мүмкін. Жылдамдықты асырсаңыз, айыппұл салуы мүмкін деген сияқты. Бірақ бір жыл бұрын жылдамдықты асырып жүйткіп жүргенің үшін заң қабылданып болғаннан кейін жазаға тарта алмайды ғой. Бұл жерде де осындай принцип бар», - деді Айдос Сарым.
Сондай-ақ, ол мұндай күрделі мәселелер Конституциялық сот арқылы реттелетінін еске салды.
«Алайда, бір жағынан, Конституциялық сот бар. Қандай да бір мәселелер талқыланатын болса, Конституциялық сот әрбір оқиға немесе әрбір нормативтік акт бойынша шешім қабылдайды. Одан кейін ескіру мерзімі жоқ қылмыстар бар. Айталық кісі өлтіру, геноцид деген сияқты. Олардың мұндай қылмыстарға қатысқан-қатыспағанан мен білмеймін. Бірақ ондай істер болса, ерекше жағдай болады», - деді депутат.