«Заңның орындалуына не кедергі?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсынысы қаралды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Бейбітшілікті сақтау - халықаралық ұжымдық міндет» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баян етілген. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысының жоғарыда аталған ұсынысын депутаттарға Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жеткізді. Президенттің ұсынысында соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың дүниежүзінің түрлі өңірлеріндегі қарулы жанжалдарды бейбіт реттеуге жәрдемдесуге бағытталған бітімгершілік операциялары деңгейіндегі күш-жігері елеулі арта түскендігі айтылған. «Статистикада 1992 жылдан бері әлемде мемлекетаралық жанжалдар саны 40 пайызға қысқарған, деп көрсетіліпті Елбасының ұсыныс хатында. Бұл көп жағдайда БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізумен байланысты. Бейбітшілікті сақтау халықаралық ұжымдық міндет болып табылғандықтан, БҰҰ Жарғысына сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін әскери контингенттер бөлуге келіскен. Бұл ретте, өзінің әскери контингенттерін бөлетін елдер әскерилерді даярлау процесіне белсенді түрде енгізілетін қазіргі жағдайдағы іс-қимылдар жүргізудің практикалық тәжірибесін жинақтайды», деп жазады басылым.

«Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландыру күні» өтті. Онда елімізде жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы қорытындыланып, Елбасының «Алтын сапа», «Парыз», «Өндірістегі үздік инновация-2013», «Үздік индустриялық жоба» атты арнайы сыйлықтары табыс етілді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Өмірдің өзегі - өндіріс» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, салтанатты шара барысында жалпы ұлттық телекөпір ұйымдастырылды. Телекөпір арқылы Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бірнеше өндірістік жобаларды іске қосты. ҮИИД бағдарламасы аясында 2013 жылғы пайдалануға берілген инвестициялық-жобалардың ашылуына арналған жалпыұлттық телекөпір өткізгеннен кейін Елбасы Тәуелсіздік сарайындағы салтанатта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы бесжылдығының шешуші төрт жылының жұмыс қорытындысын және ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында атқарылатын міндеттерді саралап, сөз сөйледі. Елбасы жалған арыздарды туындататын домалақ хаттар қабылданбайды десек те, тексерушілердің бірсыпырасы оны қолдан ұйымдастыратындығын, сөйтіп, тексеру үшін негіздер табуға тырысатындығын қаперге салып өтті. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, өзінің Қазақстанда тексерумен шұғылданатын кейбір ұйымдарды тарату жөнінде шешім қабылдайтындығын жеткізді. Елбасының бұл сөзі көпшіліктің көңілінен шыққан болуы керек, залдағылар қызу қол шапалақтап жіберді», - деп жазады басылым. «Егер біз бизнесті өркендету ісін заңды түрде дұрыстап бекітпесек, қазақстандықтардың оған деген құрмет сезімін оятуға қозғау сала алмасақ, онда біз алысқа бара алмаймыз. Мен осы ретте біздің жас қазақстандықтардың үлкендердің жаман тәжірибелерін қалайша қабылдап үлгергендіктеріне таңданысымды жасырмаймын. Кеңестік заманда бізді егер көршіңде артық сиыр пайда болса, оны хат жазып, мұны міндетті түрде тексеру керек дейтін. Ал енді америкалықтардың тәжірибесіне назар аударсақ, байып кеткен азаматқа оның досы келіп маған миллиондарды қалай тапқандығыңды үйретші деп қолқалайды. Қазір Америка қай деңгейде, біз қай деңгейдеміз? Міне, мәселенің мәнісін осыған қарап-ақ аңғара беріңіздер», - деді Елбасы.

***

«Біздің елде заң орындалмайды дейтіндер көп. Сөйтсек, оның өз себебі бар екен. Әйтпесе, халықаралық талаптарға сай келетін, халықтың құқын қорғайтын жап-жақсы заңдар аз емес. Тек олардың орындалуына нормативті актілердің әлсіздігі себеп екен», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Заңның орындалуына не кедергі?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым мақалада Саяси менеджмент мектебінің директоры Әсет Әбдуалиевтің пікірін алға тартады. «Бізде жақсы заңдар қабылданады, алайда ол жұмыс істемейді. Себебі заңның жүзеге асуын қамтамасыз ететін нормативтік актілер жасауда кемшілік бар. Біздің семинар қандай нормалардың тиімді болатынын көрсетеді. Оқыту семинарына бейнеконференц байланыс арқылы облыстық әкімдіктер өкілдері, облыстық мәслихаттардағы партия фракциясы депутаттары, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының және өңірлік филиалдарының құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуын қамтамасыз еттік. Осылайша бір уақытта 250 адамды оқытып жатырмыз», - деді Ә.Әбдуалиев.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК бас директоры, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатовпен арадағы сұхбат «Ғарыштық-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігі - өзекті мәселе» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы 2001 жылдан бастап осы уақытқа дейін бірнеше бірлескен Қазақстан-Ресей бағдарламаларын іске асыруда. Байқоңыр ғарыш айлағынан зымырантасығыштар ұшырылымдарының қоршаған орта мен тұрғын халықтың денсаулығына тигізетін әсеріне баға беру, «Байқоңыр» ғарыш айлағына экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту мен жетілдіру, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон-М», «Союз-2», «Зенит» зымыран-тасығыштарын ұшыруға дайындау процестері мен олардың ұшырылымдарының, «Домбаровский» орналасу ауданынан РС-20 құрлықаралық баллистикалық зымырандар ұшырылымдарының Қазақстанның қоршаған ортасына тигізетін әсеріне аспаптық бақылау жүргізу сияқты бағдарламаларды Ресей жағымен бірлесіп жасап, жүзеге асырып жатырмыз. Кәсіпорын жүргізіп отырған ғылыми зерттеулердің едәуір бөлігі «2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қоршаған ортаның күйін бақылау» республикалық бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, 2005-2007 жылдардағы «Ғарыштық зымыран құлауының әсеріне ұшыраған аймақтардағы телімдердің экологиялық күйіне мониторинг жүргізу» жобасын орындау бойынша жүзеге асырылып отырды. 2008 жылдан бастап қазіргі кезге дейін кәсіпорынның ғылыми-өндірістік қызметі «Ғарыш қызметі саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Кәсіпорын 2006-2007 жылдары «Днепр» РС-20 және «Протон-М» зымырантасығыштарының апаттық құлауы салдарын экологиялық зерттеу және оларға баға беру жұмыстарына қатысты, сондай-ақ Қызылорда мен Қарағанды облыстарының апаттарға ұшыраған аймақтарына экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторинг жүргізу бағдарламаларының негізгі орындаушысы болды», дейді.

Соңғы жаңалықтар