Заңсыз аванс аударған: Жамбыл облысында балалар мекемесінің бухгалтері сотталды
Шу ауданында бухгалтер Балалар мен жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының қызметкерлеріне 3 жыл бойы заңсыз аванс аударып келген, деп хабарлайды Кazinform.

Бухгалтердің қылмыстық әрекетін Шу ауданының прокурорлары анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу) 2023 жылғы 1 тамызда тіркелді. Тергеуді жүргізу Жамбыл облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылған.
«Мемлекетке келтірілген залал 9,9 млн теңгеден асты, ол тергеу барысында өтелді.
2023 жылғы 9 қарашада Шу аудандық сотының үкімімен орталықтың бухгалтері 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салумен 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген Жамбыл облысының прокуратурасы ұсынған мәліметте.