Заңсыз көмек алушылармен күрес: заңнамаға әлеуметтік аудит жасауға мүмкіндік беретін өзгеріс енеді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын айтты.

— Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Үкіметтің міндеті — барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек. Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге айрықша көңіл бөліп отыр, — деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Бектенов Еңбек министрлігіне 1 қарашаға дейін Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу тапсырды.
— Цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын терең енгізу арқылы экономиканың барлық салаларындағы мемлекеттік қызметтерді бақылау мен мониторинг жүргізудің түбегейлі жаңа әдістері жасалуға тиіс. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанындағы Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдар Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасының жедел келісілуін қамтамасыз етсін, — деді Үкімет басшысы.
Еске салсақ кеше Президент Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа жол беріп келгені туралы айтқан.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр елдің экономика блогына 10 нақты тапсырма жүктеген еді.