Заңсыз балық аулағандарға қатысты видеоның мән-жайы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы заңсыз әдіспен балық аулап, видеоға түсіп қалған адамдарды жауапқа тартуды сұрап отыр. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Заңсыз балық аулағандарға қатысты видеоның мән-жайы анықталды

Айта кетсек, бұдан бірнеше күн бұрын Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында белгісіз адамдардың шағын су айдынында балықты ретсіз әрі тыйым салынған әдіспен аулап жүргені туралы видеоны жария еткен болатын. 

Арада көп күн өтпей Сәкен Ділдахмет аталған видеоның мән-жайын түсіндірді.

«Аталған видео бойынша келесі мәліметті хабарлағымыз келеді. Алматы облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының берген ақпараты бойынша, видеороликтегі балық аулау Алматы облысы әкімдігінің «Іле ирригация» су шаруашылығының МКК балансындағы қолдан бөгелген су қоймасында болған. Су қоймасының ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету секілді негізгі тапсырмасынан бөлек, аталған ұйым өзге де адамдармен бекіткен келісімге сәйкес балық өсірумен және демалысты ұйымдастырумен айналысқан», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Оның келтірген мәліметіне сенсек, жалға алушы су қоймасын пайдалануда келісілген міндеттемелер бойынша бұзушылыққа жол берген. Нақтырақ айтқанда, су қоймасын тексеру кезінде қойманың металл құрылымы мен су жіберуші бөлігінің қирағаны анықталған.

«Осыған байланысты «Илирригация» кәсіпорыны су қоймасының зақымдалған бөлігін жедел жөндеу туралы шешім қабылдаған. Су қоймасын босату қажеттілігі туындап, жалға алушы алдын ала ескерткілген. Ал ретсіз балық аулау келісім жасаған тараптардың шаруашылыққа ие субъектілерінің келісілмеген әрекетінің нәтижесінде туындап отыр», - деп жазады ол.

Қазіргі уақытта аталған инспекция Алматы облысының ІІД-не тыйым салынған жолмен балық аулаған адамдарды (видеода тіркелген) жауапқа тарту туралы хат жолдап отыр.