Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару - Заң қалай жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойған еді. Құжат он күннің ішінде күшіне енеді. Айта кетерлігі, Парламент қабылдаған заңға ешқандай селкем болмауы үшін Президент Конституциялық сотқа өтініш жасап, сүзгіден тағы бір өткізген. Осылайша көпшіліктің талабы мен билік тармақтарының мақұлдауынан шыққан заң жақында толық іске кіріседі. Заң қалай жұмыс істейді? Кімдерге қолданылады? Осы жағын сараптап қараған едік.

Заң кімдерге қолданылады

Президент кеше қол қойған Заң нормаларына сәйкес, қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.

Сонымен бірге жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.

Бұл дегеніңіз заң күшіне енгеннен бастап, ең алдымен шетелде иелігінде 100 млн доллар шамасында активі барлар тексеріле бастайды деген сөз.

Заң қалай жұмыс істейді: мәжбүрлі және ерікті

Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган Бас прокуратура ведомствосы жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Сөйтіп активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалатын болады.

Заңсыз иемделген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтің айтуынша, Бас прокуратураның жанынан заңсыз алынған мүлікті іздестіру және растау міндеті жүктелетін уәкілетті орган құрылады. Бұл орган жыл сайын заңсыз активтерді иеленуге қарсы іс-қимыл бойынша ақпарат дайындайды.

«Жалпы құжат бойынша заңсыз активтерді сатып алудың себептері мен шарттарына тосқауыл қойылады. Екі жолы бар: мәжбүрлі түрде және ерікті. Өзінің заңсыз иемдегенін түсінген адамдар, барлығын мемлекетке, азаматтарымыздың игілігіне жұмыс істеуі үшін мемлекетке қайтарады деп сенемін», - деді депутат.

Егер азамат өз еркімен активтерін қайтарудан бас тартатын болса, онда мәжбүрлеп тәркілеу тетігі қолданылады. Бұл мәселемен де уәкілетті орган айналысады.

Азаматтық тәркілеу заңсыз алынған мүлікті өндіріп алу тәртібін жеңілдетпек

Мәжіліс депутатының айтуынша, заң жобасындағы негізгі норма азаматтық тәркілеу болып отыр. Азаматтық тәркілеу қылмыстық тәркілеуді алмастырмайды, екеуі қатар жүреді.

«Азаматтық тәркілеу қылмыстық немесе әкімшілік тәркілеуді алмастырмайды. Ол параллель жұмыс істейді, бірақ ол тиімдірек. Бүгінде әлемде азаматтық тәркілеу құралы кеңінен қолданылады. АҚШ, Германия сияқты дамыған елдерде бар бұл тетік. Бұл заңсыз алынған активтерді қайтаруды тиімді етеді, өйткені мұнда кінәсіздік презумпциясы жоқ. Егер азаматтық тәркілеуде адам Реестерге түссе, ол алынған мүліктің заңды екенін дәлелдеуі керек. Сондай-ақ азаматтық тәркілеуде қандай да бір мерзім жоқ. Егер заңсыз актив иеленген адамның сол активтерінің бәрін мемлекетке қайтаруға ақыл-парасаты жетпесе, қанша уақыт өтсе де, заң үстемдігі жүреді», - деп түсіндірді Магеррам Магеррамов.

Мәжілісменнің айтуынша, азаматтық тәркілеу заңсыз алынған мүлікті қайтару тәртібін жеңілдетеді.

«Сондықтан бұл өте маңызды. Бұл енгізіліп жатқан негізгі институт деп ойлаймын. Заң жобасы күшіне енген кезде бұл заңның нәтижесін, тиімділігін тез көреміз, қайтарылған мүліктер еліміздің игілігіне жұмыс істейді деп сенеміз. Активтерді адал жолмен алғандардың қорқатын ештеңесі жоқ. Активке заңды ие болғандарды қорғайтын механизм бар», - деп қосты ол.

Бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та құжатта заңсыз сатып алынған активтерді қайтарудың нақты механизмі бар екенін алға тартады.

«Егер мемлекет бұл активтің заңсыз сатып алынғанын дәлелдесе, оны алып қоюға болады. Сондықтан бұл заң тұрғысынан өте маңызды. Нақты заңдық механизм бар. Менің ойымша, бұл заң қажет. Бұл ел халқының басым бөлігінің тілегі. Біз аймақтарға барған кезімізде тұрғындар кейбір адамдардың «көлеңкелі» жолмен табылған активтері бар екенін, олардың қашан қайтарылатынын сұрады. Бұл қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділеттілікке қатысты туындаған жаппай сұрағына жауап деп ойлаймын», - деді халық қалаулысы.

Жоғарыда Мәжіліс депутаттары атап өткендей, комиссия адамдарды Реестрге енгізсе, уәкілетті орган оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны тапсыра алады.

Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс.

Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.

Мемлекет пайдасына түскен активтер Қаржы министрлігіндегі қолма-қол ақшаны бақылау шоты саналатын Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Мұндай заңдарды қолданысқа енгізу жөніндегі жалпы талаптарға сәйкес, жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілетін азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты ережелерді қоспағанда, Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Мемлекетке 760 млрд теңге қаражат қайтарылды

12 мамырда Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен болатын. Жиында Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Қазақстанға елден заңсыз шығарылған 760 миллиард теңге қайтарылғанын айтты.

«Арнайы заңның қабылдануын күтпей-ақ, бірлескен күш-жігердің арқасында 760 миллиард теңгенің активтерін елге қайтаруға қол жетті. Қайтару шараларын комиссияның барлық мүшелері мен тартылған мемлекеттік органдар жүргізіп жатыр»,-деді ол өз сөзінде.

Жалпы сарапшылардың айтуынша, бұл заң елімізде әлеуметтік әділеттілікті құрудың өте маңызды тетігі болмақ.

Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еліміздегі 162 адамның ең бай адамдар санатында екенін, әрі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын иеленетінін атап өткен еді.

Депутат Ерлан Саировтың сөзінше, «сондықтан ерте ме, кеш пе, әлеуметтік әділеттілік орнауы керек және бұл заң заңсыз сатып алынған активтерді біртіндеп эволюциялық қайтару механизмі болмақ».

Десе де, заңның қаншалықты әділ орындалатыны уақыттың еншісінде.


Соңғы жаңалықтар