Заңсыз қару сақтаған 390 адам қылмыстық жауапқа тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл заңсыз қару сақтаған 390 адам қылмыстық жауакершілікке тартылды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңсыз қару сақтаған 390 адам қылмыстық жауапқа тартылды

«Қаруды сатып алу бойынша жыл сайын өткізілетін акция Ішкі істер министрлігінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан жалғыз іс-шара емес екенін атап өткен жөн. Мәселен, тұрақты негізде «Қару», «Құқықтық тәртіп» және тағы да басқа өңірлік және республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. Олардың аясында заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілер алынады», - деді басқарма бастығы министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингте.

Мәселен, оның дерегінше, биыл осындай іс-шаралар аясында 1,3 мың бірліктен астам атыс қаруы тәркіленді. Соған байланысты қылмыстық жауапкершілікке 390 адам және әкімшілік жауапкершілікке 818 адам тартылды.

Айта кетейік, 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықтан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу акциясы барысында жалпы соммасы 1,9 млрд теңге болатын 56 мыңнан астам бірлік атыс қаруы және 2 млн астам ойық қарудың патрондары ерікті түрде тапсырылды.

Еске салайық, тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсырған қазақстандықтар қандай да бір жауапкершіліктен босатылған. Бұл ретте, қарудың түріне байланысты өтемақы да төленеді.