Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан ақтөбелік мемлекетке 650 млн теңгеден астам залал келтірген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны мемлекетке 650 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан ақтөбелік мемлекетке 650 млн теңгеден астам залал келтірген

Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері 2017 - 2019 жылдар аралығында Ақтөбе облысы аумағына тауарларды жеткізу қызметтерін іс жүзінде жүргізбей жалған шот-фактураларды заңсыз жазумен айналысқан азаматшаның іс-әрекетін әшкереледі.

«Ақтөбе қаласының тұрғыны 2017 жылы 9 фирма құрып, өз атына ЖШС ретінде тіркегені, ҚҚС төлеуші ретінде есепке қою арқылы заңды тұлғаны тіркеу рәсімінен өткені және екінші деңгейлі банктерде банктік шоттар ашқаны, ЖШС арқылы ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыратын контрагенттерді іздегені анықталды. Заңсыз кәсіпкерлік қызметтерінен мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 650 млн астам теңгені құрады», делінген хабарламада.

Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен, аталмыш азаматша Қылимыстық кодекстің 216-бабы 3-бөлгімен қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және 10 жыл ішінде коммерциялық ұйымдарда басқарушы лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.