Зарина Дияс әлемдік рейтингіде бірден 43 сатыға жоғарылады
ОРАЛ. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.

Кеше Жапониядағы Куруме ITF W50 турнирінде чемпион атанған Зарина Дияс бірден 43 сатыға жоғарылап, 318-ден 275-ке ауысты.
Жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін өткен жылы кортқа оралған З.Дияс кезінде әлемдік рейтингіде 31-орынға дейін барған еді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 12-орнында қалса, Юлия Путинцева 29-дан 32-ге, Жібек Құламбаева 313-тен 337-ге сырғыды.
Беларусь өкілі Арина Соболенко бұрынғыша көш бастаса, Рим WTA 1000 жарысының финалисі, америкалық Кори Гауфф екінші орынға көтерілді. Тағы бір америкалық Джессика Пегула үшінші, Римде үздік атанған италиялық Жасмин Паолини төртінші сатыға жайғасты. Поляк Ига Швентек 2-ден 5-ке түсті.
Жұптық сында Катержина Синякова (Чехия), Тейлор Таунсенд (АҚШ) және жаңазеландиялық Эрин Рутлифф алда келеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 17-ден 18-ге төмендесе, Ю.Путинцева 77-ден 70-ке, Ж.Құламбаева 123-тен 116-ға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық бес теннисші Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайды.