Зарина Дияс өзінің туған күнінде жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Бүгін 31 жасқа толған қазақстандық теннисші екінші айналымда германиялық Пия Прёфкемен сынға түсті.
Бірінші партияда Зарина 3:0 есебімен алға кеткенімен, германиялық, 21 жастағы теннисші таразы басын теңестіре алды. Дегенмен тай-брейкте Дияс айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).
Екіншісінде Зарина қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 256-ыншы, осы жарыстың 5-ракеткасы, румыниялық Патрисия-Мария Тигті жолдан тайдырған еді — 3:6, 6:4, 6:2.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін түркиялық Дениз Дилекпен таласады. Ол күтпеген жерден әлемнің 212-інші, доданың 1-ракеткасы, Кипр өкілі Ралука Джорджана Шербанды ұтып кетті – 6:4, 6:4.
Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Нинбо (Қытай) WTA 500 жарысының жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинадан айласын асыра алмады – 4:6, 6:1, 6:7 (6:8). 2 сағат 42 минутқа созылған аса тартысты бәсекеде Ю.Путинцева тай-брейкте 6:4 есебімен алға шығып, қос бірдей матчболын пайдалана алмады.
Сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасындағы екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко Алматы ATP 250 турнирінің ширек финалында рейтингіде өзінен 30 саты жоғары тұрған аргентинкалық Франциско Серундолодан ұтылып қалды – 2:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің камбэкпен Бельгиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.