Зарина Дияс Үндістанда турнирдің 4-ракеткасын жолдан тайдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 353-ракеткасы Зарина Дияс Мумбаи (Үндістан) челленджер турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Зарина Дияс
Фото: instagram.com/zarinadiyas

Кезінде әлемдік рейтингіде 31-орынға дейін көтерілген З.Дияс жарақатына байланысты екі жылдық үзілістен кейін өткен жылы кортқа қайта оралған еді. Содан бері ITF турнирлерінде бақ сынап, рейтингіде бірте-бірте көтеріліп келеді. Дүйсенбі күні жаңартылған WTA рейтингісінде Зарина 361-ден 353-сатыға жоғарылаған еді.

Мумбаида алғашқы айналымда З.Дияс әлемнің 122-інші, осы доданың 4-ракеткасы, латвиялық Дарья Семенистаяға қарсы келді. Отандасымыз 22 жастағы теннисшіні 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Дияс 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Семенистая 1 эйс, 2 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады. 

Зарина Диястың 1/8 финалдағы қарсыласы кейін анықталады. 

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде бірден 336-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аңсар Ниетқалиевтің Астанада өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Үндістандағы жарысты жеңіспен бастады. 

Соңғы жаңалықтар