Зарина Дияс жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс жұптық сында Уимблдон турнирін өте сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зарина Дияс жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастады

Зарина Дияс аустралиялық Арина Родионовамен бірге бірінші кездесуін осы доданың 2-ракеткалары, мажарстандық Тимея Бабош – франциялық Кристина Младеноввичпен өткізді.

2018 жылдан бері Т.Бабош пен К.Младенович жұптық сында «Үлкен дулыға» жарысының төрт дүркін чемпионы атанған болатын.

Қазақстандық-аустралиялық жұп атақты қарсыластарын 6:1, 6:2 есебімен ойсырата ұтты.

Бір сағат 13 минутқа созылған матчта З.Дияс пен А.Родионова бір эйс жасап, бес брейкке қол жеткізді.

З.Дияс пен А.Родионова екінші айналымда ресейлік Варвара Грачева – грузиялық Оксана Калашникова немесе ұлыбританиялықтар Нэйкта Бэйнс – Саманта Маррей жұптарының қай жеңгенімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің алғаш рет Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын, Елена Рыбакинаның үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Әйтсе де Юлия Путинцева үшінші айналымға шыға алмады.