Зашаған кентінде 2020 жылға дейін құны 35 млрд. теңге тұратын 40-тан астам тұрғын үй салу көзделуде - Орал қаласының әкімі

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралға қарасты Зашаған кентіндегі жаңа шағынауданда 2020 жылға дейін құны 35 млрд. теңге тұратын жалпы алаңы 280 мың шаршы метр 40-тан астам тұрғын үйді салып бітіру көзделуде.
None
None

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл - 5 мыңдай пәтер, ол 15 мыңнан астам қала тұрғынын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде аталған ауданда тұрғын үй құрылысы қызу жүргізілуде. Биыл мұнда мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес құны 10,6 млрд. теңге тұратын жалпы алаңы 90 мың шаршы метр 14 үй іске қосылмақ. Бұл рекордтық көрсеткіш деуге болады. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 9 үй салынып, 1004 пәтер кезекте тұрғандарға беріледі. Барлығы 1562 пәтер 5 мыңнан астам қала тұрғынын баспанамен қамтымақ. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін 3 үй (306 пәтер), жас отбасыларға 2 үй (180 пәтер), кезекте тұрғандарға 1 үй (180 пәтер), «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бойынша кезекте тұрғандар үшін 6 үй (617 пәтер), мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша апатты үйлердің орнына 2 үй (225 пәтер) тапсырылмақ.

Бұл жерде атап кететін жайт, құрылыс материалдарының басым бөлігі жергілікті өндірушілерден алынады. Мысалы, Зашаған кентіндегі 300 адам жұмыс жасайтын кірпіш зауыты 5 миллиондай дана кірпішпен қамтиды.  Жергілікті темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттар (234 адам) 393 текше метр бұйым жеткізе алады. «Болашақ-Т» ЖШС (74 жұмыс орны) мен «СВ плюс» ЖШС (70) үй құрылысы комбинаттарынан 30 мың шаршы метр өнім жеткізілмек.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына барлығы 1472 жұмысшы тартылып, 290 жаңа жұмыс орны ашылды.

Айта кетейік, өткен жылы Оралда барлық қаржы көздері есебінен жалпы алаңы 157 мың шаршы метр 1560 пәтер пайдалануға берілді, бұл - өңірде бой көтерген тұрғын үйдің 60 пайызы. Соның ішінде мемлекет есебінен 36 мың шаршы метр, жеке қаражаттарға 88 мың шаршы метр, кәсіпорындар қаржысына 20 мың шаршы метр үй салынды.

Тұрғын үй құрылысына 13,3 млрд. теңге жұмсалды, бұл алдыңғы жылғыдан 20 пайызға артық. Соның ішінде республикалық бюджеттен 3,3 млрд. теңге, жергілікті қазынадан 1,2 млрд. теңге, кәсіпорындар мен тұрғындар қаржысынан 7,5 млрд. теңге, банк несиелері есебінен 407 млн. теңге, басқа зайымдық қаражаттардан 972 млн. теңге тартылды.

2015 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы алаңы 36,1 мың шаршы метр 5 үй (586 пәтер, екеуі кезекте тұрғандар, үшеуі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін) бой көтерді.

Зашаған кентіндегі жаңа шағынауданды игеру басталғаннан бері құны 8,7 млрд. теңге тұратын  жалпы алаңы 92 мың шаршы метр 16 үй (1573 пәтер) пайдалануға берілді. Соның ішінде 4 үйге (360 пәтер) жас отбасылар, 6 үйге (565 пәтер) кезекте тұрғандар, 6 үйге (648 пәтер) тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары кірді.

Соңғы жаңалықтар