Зауыттар, вокзалдар: өткен аптада өңірлерде қандай нысандар ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен аптада жаңа кәсіпорындар, көлік тораптары мен энергетика нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Зауыттар, вокзалдар: өткен аптада өңірлерде қандай нысандар ашылды
Фото: Gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Өнеркәсіп және өндіріс

Ақмола облысында инвестиция көлемі 7,4 млрд теңге болатын жаңа металлургиялық кешен іске қосылды.

7,4 млрд теңге инвестиция: Ақмола облысында ірі металлургиялық кешен құрылуда
Фото: Gov.kz

Реконструкцияланған өндірістік алаңда айына 2-ден 3 мың тоннаға дейін қорғасын құрамды шикізатты қайта өңдеу жолға қойылған.

7,4 млрд теңге инвестиция: Ақмола облысында ірі металлургиялық кешен құрылуда
Фото: Gov.kz

Жоба Мемлекет басшысының шикізаттық бағыттан терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылды. 

Инфрақұрылымды дамыту

Алматыда Наурызбай және Бостандық аудандарының 15 мыңға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз ететін су құбыры алаңын реконструкциялау аяқталды. Жоба аясында жаңа екінші көтерілімдегі сорғы стансасы салынды, жалпы көлемі 2 мың м3 екі таза су резервуары реконструкцияланды, инженерлік желілер жаңартылды және заманауи автоматты бақылау жүйесі енгізілді.

Алматының Наурызбай ауданындағы Асқаров көшесі, 33/2 мекенжайында орналасқан су құбыры нысанын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Фото: Gov.kz

Жүргізілген жаңғырту жұмыстары су құбыры желісіндегі қысымды тұрақты ұстап тұруға, әсіресе су тұтыну көлемі артатын уақытта, сондай-ақ су берудегі іркілістердің алдын алуға мүмкіндік береді. 

Қостанай облысында республикалық маңызы бар Қостанай — Мамлютка автожолының 43 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жобаның жалпы құны — 5,6 млрд теңге.

жүк көліктері
Фото: Gov.kz

Жолдың осы учаскесін жаңғырту қауіпсіздікті арттыруға, көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайту жөніндегі міндеттері шеңберінде кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етті. 

Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылында реконструкциядан кейін теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылында реконструкциядан кейін теміржол вокзалы пайдалануға берілді.
Фото: Gov.kz

Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің вокзалдарын кезең-кезеңімен жаңғырту шеңберінде орындалды. Жаңғырту аясында жалпы ауданы 207,73 шаршы метрді құрайтын бір қабатты вокзал ғимараты жаңартылып, 25 орындық күту залы жабдықталды. Сонымен қатар вокзал маңы абаттандырылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарына қатты жабын төселді, аумақ көгалдандырылды. 

Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу

Қостанай облысында жоғары сапалы сүттің өзіндік өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі жұмыс шеңберінде құны 3,2 млрд теңге болатын заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Қуаттылығы 400 малға арналған кәсіпорын жылына 4380 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы.

Қостанай ауданында 3,2 миллиард теңгеге сүт фермасы ашылды
Фото: kostanaytany.kz

Кәсіпорында Германиядан сатып әкелінген голштейн асыл тұқымды мал басы тартылып, 30 жұмыс орны ашылды. Ақмола облысының Еңбек ауылында құны 8,1 млрд теңге болатын сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Кешеннің жобалық қуаты 900 бас сиырға есептелген, ал күтілетін жылдық сауын 4230 тонна сүтті құрайды. Кәсіпорын үшін жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі биокешен орнатылды.

Энергетика

Қостанай облысында жалпы қуаты 100 МВт жел электр стансасы пайдалануға берілді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 38,6 млрд теңгені құрады. Нысанда әрқайсысының қуаты 6,25 МВт болатын 16 жел генераторы орнатылған.

Екі станса жылына 380 млн кВт/сағ дейін электр энергиясын өндіре алады, бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, инфрақұрылымды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін сенімді жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Президенттің Жетісу облысының Панфилов ауданындағы халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында бірден бес елді мекен газбен жабдықтауға қосылды.

Жетісуда бес ауылға бір күнде газ берілді
Фото: Gov.kz

Атап айтқанда Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарына жалпы ұзындығы 58 шақырым газ құбыры тартылды.

Жетісуда бес ауылға бір күнде газ берілді
Фото: Gov.kz

Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

Жетісуда бес ауылға бір күнде газ берілді
Фото: Gov.kz

Бұған дейін Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығы ашылғанын жазғанбыз.