Зайнутдинов қыркүйек айындағы құрама ойындарына қатыспайды

АСТАНА. KAZINFORM - Бақтиер Зайнутдиновтің футболдан Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алдағы екі ойынына қатыса алмайтыны белгілі болды.

Зайнутдинов қыркүйек айындағы құрама ойындарына қатыспайды
Фото: ҚФФ

J тобында сынға түсіп жатқан ұлттық құрама 4 қыркүйекте елордада Уэльспен жасыл алаңға шықса, 7 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиямен шеберлік байқасады.

Ресейлік «Динамо» (Мәскеу) клубында ойнайтын Бахтиёр алған жарақатына байланысты бұл ойындардан шет қалып отыр. 

Қазір қазақстандық футболшылар Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Оған Ресейдің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп пен «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородов келіп қосылды.

Сондай-ақ Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне жолдама алған алматылық «Қайрат» командасының Қазақстан Премьер-лигасы 22-турдағы «Оқжетпеспен» ойыннан кейін Дастан Сәтпаев, Дамир Қасаболат, Темірлан Анарбеков ұлттық құрама сапын толықтырды. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Уэльс құрамасы Қазақстанға қарсы құрамын жариялады.

Соңғы жаңалықтар