Зайсанда салынып жатқан әуежай жазда іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Президент тапсырмасы бойынша салынып жатқан үш әуежайдың жағдайы туралы мәлімет берді.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру жұмысы аяқталады. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды, - деді ол.
Нұрлан Сауранбаев биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылатынын еске салды.
- Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады, - деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі әуежайларын түгел 2026 жылы қолданысқа беретінін айтқан болатын.