Зеленов ауданында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 500 млн. теңге несие берілді - БҚО

Зеленов аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мұстафа Құрманғалиевтің айтуынша, бағдарламаның 1-бағыты бойынша биыл оқуға 68 адам, соның ішінде кәсіби даярлауға - 50, қайта даярлауға - 9, біліктілігін арттыруға 9 адам жолданады деп жоспарланды. Кәсіби даярлауға 50 адамның орнына 62 адам жіберілді. Қайта даярлау бойынша 9 адамға оқуға жолдама беріліп, оқуын бітірген 6 адамның алтауы да жұмысқа орналастырылды. Біліктілігін арттыру бойынша 9 адамға жолдама беріліп, оқуын бітірген 8 адам жұмысқа орналасты.
Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 50 адамға жұмыс орындарын құру жоспарланып, оған республикалық қазынадан 9692 мың теңге бөлінді. Бүгінде 67 адам жұмыс істеуде. Жастар практикасы бойынша 60 адамға жұмыс орнын құру үшін 11150,0 мың теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Қарашаның 1-індегі мәлімет бойынша 89 адам жолданып, оның ішінде 9 жас маман тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қазір жастар практикасынан 70 адам өтуде.
Бағдарламаның 2-бағыты бойынша ауданға 500 млн. теңге бөлініп, ол 40 несие серіктестігі арқылы 206 адамға таратылып берілді.
Аудан тұрғындарының бизнес-жоспарларының 60 пайызы мал шаруашылығын дамытуға, 30 пайызы қызмет көрсету саласына, 10 пайызы өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Бағдарламаның 4-бағыты бойынша ауданда екі нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Махамбет орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 110 млн. теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Құрылған жұмыс орындарына 44 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы жолданып, жұмыс істеді. Көшім дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстарына 47 млн. теңге бөлініп, қаржы толығымен игеріліп отыр. Жоспар бойынша өз бетінше жұмыспен айналысушы, аз қамтылғандар, жұмыссыздар санаттарынан 22 адам жұмыспен қамту орталығы көмегімен жұмысқа жолданған. Бүгінде аталған екі нысанда да күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, халықтың игілігіне пайдаланылуда.