23:00, 01 Маусым 2025 | GMT +5
Зеленский Украина 2 маусымда Ыстанбұлда өтетін келіссөздерге қатысатынын растады
АСТАНА. KAZINFORM — Делегацияны Қорғаныс министрі Умеров басқарады, деп жазды BBC агенттігі.

Владимир Зеленский Украина өз делегациясын 2 маусым, дүйсенбі күні Ыстанбұлда өтетін Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге жіберетінін растады.
Делегацияны Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров басқарады. Ол сондай-ақ мамыр айының басында өткен алғашқы келіссөздер раунды кезінде украин тарапынан келіссөз жүргізген топты басқарған болатын.
Зеленский украин делегациясының келіссөздердегі міндеттерін былайша сипаттады:
— Бірінші — толық және сөзсіз атысты тоқтату. Екінші — тұтқындарды босату. Үшінші — ұрланған балаларды қайтару. Ал тұрақты әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін — жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық жүргізу. Негізгі мәселелерді тек көшбасшылар шешуі мүмкін, — деді Зеленский.
Бұған дейін хабарланғандай, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер 2 маусым күнге жоспарланды.