Земство ауруханасынан Ғарыштық байланыс орталығының кеңсесіне дейін – Астанадағы сәулет ескерткішінің тарихы

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 6 қазандағы қаулысымен жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне 43 нысан енгізілді. Соның ішінде құрылысына биыл 150 жыл толатын көпес Сергей Кубриннің земство ауруханасының ғимараты бар. Ғимараттың тарихы туралы Kazinform тілшісінің материалында.

ғимарат
Фото: skyscrapercity.com

Земство ауруханасының құрылысы 1874 жылы Ақмола қаласының ең бай тұрғындарының бірі – көпес Кубриннің тапсырысымен басталды. Ол бұл аурухананы Мәскеуде білім алған дәрігер жиеніне арнап тұрғызған.

Чекаевтардың авторларлығындағы кітаптың деректі материалдарына сәйкес, аурухана 25 орынға есептеліп, ғимараттың құрылысы 12 жылға созылған. Оған Ақмола губерниясының Атбасар қаласынан әкелінген қызыл кірпіш пайдаланылды.

Көнекөз қариялардың айтуынша, 1934 жылдан бері ғимарат перзентхана ретінде пайдаланылып, кейін ұзақ уақыт онкологиялық диспансер болған. Жоспар бойынша бұл нысан үш тікбұрышты ғимараттан тұрады: екі негізгі, бір байланыстырушы. Барлық төрт қасбет бір-бірінен ерекшеленеді. Бірақ кірпішпен ерекше әрленген солтүстік-шығыс қасбеті ғимараттың басты бөлігі. Бүкіл ғимарат сол кезде сапасымен аты шыққан Атбасар кірпішінен тұрғызылған. Әсіресе, карниз бен басты қасбет ерекше қаланған.

астана
Фото: Kazinform

 

Нысанның құрылысында стандарттан тыс, ерекше кірпіштер пайдаланылды. Оның құрамына органикалық біріктіргіш саналатын ақуыз қосылған. Сол себепті бүгінгі күнге дейін сақталып, жоғары сапалылыққа ие. Ғимараттың ерекшелігі – қабырғаларының қалыңдығында. Қабырғалардың қалыңдығы, беріктігі, әдемі кірпіш – бәрі объектінің әлі де пайдалануға жарамды екенін көрсетеді.

Бір кездері бұл жерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Медициналық қамтамасыз ету департаменті орналасты. Кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің балансында болған ғимарат ТМД елдеріндегі елшіліктердің бірінің кеңсесі ретінде де пайдаланылды. Ал 2004 жылдың қыркүйегінен бастап Жангелдин 34 мекенжайында орналасқан көне ғимарат еліміздің бірінші ғарыштық инфрақұрылымдық кәсіпорны – Республикалық ғарыштық байланыс орталығына (РҒБО) берілді.

РҒБО бұрынғы басшысы Виктор Лефтер біздің агенттік тілшісіне берген сұхбатында ғимарат 2004 жылдың қыркүйегінде «РҒБО» АҚ-на берілген кезде көптеген кедергілерден өтуге тура келгенін айтты.

– Ақмола астана болғаннан кейін ғимарат тапшылығы қатты сезілді. Бірақ ҚР Үкіметі мүшелерінің, оның ішінде экс-премьер-министр Даниал Ахметовтың араласуымен бізге ғимарат бөлінді. Біз қараша айында көштік. Ғимарат өте көне – көпес Кубриннің бұрынғы ауруханасы еді, 12 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған, бірақ ол кезде өз кабинетіміз бар екенін сезінудің өзі біз үшін шексіз қуанышы еді, - деп еске алады В.Лефтер.

ескі
Фото: Kazinform

 

Сөйтіп, бірнеше адамнан тұратын қызметкерлердің алғашқы легі өз кеңсесіне көшті. Оларды қираған, кір, шаң, сынған терезелер, тышқандар мен басқа да тіршілік иелері қарсы алды, бірақ қуаныштарында шек болмады. Екі бөлменің әйнегін пластикалық пленкамен жауып, екі басшы бір бөлмеге, қалғандары басқа бөлмеге орналасты. Осы жерде ерекше тарихи деректің беті ашылады: КСРО кезінде дәл осы Кубрин ауруханасында көптеген атақты ақмолалықтар дүниеге келген. Олардың қатарында дәл осы РҒБО басшысы Виктор Лефтер мен кадрлар бөлімінің басшысы Сәуле Оспанова да бар. Бұл жаңалық кәсіпорын қалыптасуын жаңа белеске бастаудың ерекше нышанындай болды.

– Дәл осы жерде алғашқы Kazsat байланыс ғарыш аппаратының және жерүсті ғарыш аппараттарын басқару кешендерінің жобалары дүниеге келді, көптеген шетелдік делегациялармен және әлемнің түкпір-түкпірінен байланыс серіктестерімен кездесулер өтті, Қазақстанда ғарыштық байланыс мамандарының командасы құрылды. Соңғы 20 жыл ішінде бұл Қазақстандағы ғарыштық байланыстар гүлденген шаңырақ болды», - деді В.Лефтер.

Соңғы уақыттан бері «РҒБО» АҚ орталық кеңсесі «Нұрсая» бизнес орталығының жаңа ғимаратында орналасқан, «Kazsat» байланыс спутниктері «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыштық байланыс орталықтарынан басқарылады.

Соңғы жаңалықтар