Зергерлік бұйымның сынама таңбасы болмаса не істеу керек
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласы техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің басшысы Дәурен Сәрсенбаев зергерлік бұйымдарға қойылатын талаптарды атады.
Оның айтуынша, департамент техникалық регламенттер талаптарының сақталуына қатысты әртүрлі салада мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізеді. Тексеру құрылыс материалдарын, халық тұтынатын тауарларды, өнеркәсіптік өнімдерді, автокөлік құралдарын, мұнай өнімдерін, мотор майлары, мобильді құрылғыларды және басқа да бағыттарды қамтиды.
Оның ішінде бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың айналымын бақылауға ерекше назар аударылады. Дәурен Сәрсенбаев бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдарда сынама таңбасы болуы міндетті екенін атап өтті.
- Егер тұтынушы сынама таңбасы жоқ алтын бұйым сатып алып, шағым түсірсе, департамент жоспардан тыс тексеру бастайды. Сынама таңбасы жоқ бұйымды сатқаны расталған жағдайда, құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылады. Бизнес санатына байланысты 50-ден 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сатушы заңсыздықты жойып, бұйымға сараптама жүргізуге міндетті, – деп түсіндірді Дәурен Сәрсенбаев.
Айтуынша, сараптама жүргізілгеннен кейін бұйым ресми түрде сынаманы растайтын барыс басы бейнесіндегі сынама таңбасын алуы тиіс, содан кейін ғана қайтадан сатылымға жіберіледі.
Еске салайық, зергерлік өнімдердің экспорты 7,3 есе өсті.