Зерттеу: электронды темекі жүрек талмасы қаупін арттырады
АСТАНА. KAZINFORM – Электронды темекі қолдану миокард инфаркті мен инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай қорытындыға ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде келді, деп хабарлайды Анадолу.
Зерттеу аясында электронды темекі тұтыну мен жүрек талмасы және инсульт қаупі арасындағы байланыс талданған. Ғалымдар бұрын жүргізілген 12 зерттеудің деректерін қарастырған. Инфаркт қаупін талдауға 430 875 адам қатысса, инсульт қаупін бағалау барысында 1 миллионнан астам адамның дерегі қамтылған.
Нәтижелер электронды темекі қолданатын адамдарда инфаркт қаупі оны қолданбайтындарға қарағанда 53 пайызға жоғары екенін көрсеткен. Әсіресе бұрын кәдімгі темекі шегіп, кейін электронды темекіге ауысқандарда жүрек талмасы қаупі айқын артатыны анықталған.
Сонымен қатар бұрын темекі шеккен, бірақ электронды темекіні пайдалануды жалғастырып жүрген адамдарда инсульт қаупі мүлде темекі шекпейтіндермен салыстырғанда 73 пайызға жоғары болған.
Зерттеушілер алынған деректер электронды темекіні «зиянсыз балама» ретінде қарастыруға болмайтынын дәлелдейтінін атап өтті. Ұзақ жылдар бойы темекі шегу жүрек-қан тамырлары ауруларының, соның ішінде ишемиялық жүрек ауруы, гипертония және инсульттің негізгі қауіп факторларының бірі болып саналады.
Зерттеу нәтижелері BMC Public Health ғылыми журналында жарияланған.
Айта кетейік, Тәжікстан электронды темекіге тыйым салады.