Зерттеу: Қазақстандықтар Голливуд киноларына құмар
«Өткен жылы кинотеатрларға барған 14,47 миллион көрерменнің тек 10,6 пайызы ғана (1,54 млн. адам) қазақстандық фильмдерді тамашалаған. Ал 2015 жылы кинокөрсетілімге келгендердің 11,5 пайызы қазақстандық туындыны көрген еді. Толық метражды фильмдерге 14,21 млн көрермен келді. Оның ішінде көрермендердің 62,4 пайызы - америкалық, 10,5 пайызы - ресейлік және небәрі 9,3 пайызы қазақстандық киноларды көрді. Өткен жылы ел кинотеатрларында 13,87 мың толық метражды фильм көрсетілсе, соның 22,1 пайызы ғана қазақстандық туындылар», - деп жазады energyprom.kz сайты.
Бүгінде республикада 94 кинотеатр жұмыс істейді. Олардың дені Алматы қаласында (25), Қарағанды облысында (8), Маңғыстау облысында (8) және Астана қаласында (7) орналасқан.
Өткен жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда тіркелген 26 компания 256 туынды түсірген. Түсірілген фильмдердің 49,2 пайызы - Алматы, 46,9 пайызы Астана қаласында тиесілі.
Жалпы елімізді киноиндустрияны қолдауға бағытталған түрлі бағдарлама бар. Мәселен, «Мәңгілік ел» кешенді жоспары аясында кино туындылары, телесериялдар, тарихи тұлғалардың өмірі, елімізідң мәдениеті мен қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы бағдарламалар түсіру жоспарланған. Ал ҚР Мәдени саясаты тұжырымдамасы аясында 2020 жылдан кейін «Kazakh Animation» атты деректі және анимациялық фильмдер мемлекеттік кинофабрикасын құру жоспарланған.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы 70-ші Канн кинофеситвалі аясында алғаш рет еліміздің киноиндустриясын паш ететін Қазақстан павильоны ашылмақ. Оның ашылуына «Ұлттық кинематографиялық өнер мен ғылым академиясы» қоғамдық ұйымы ұйытқы болып отыр. Павильон Le Village International арнайы аумағында орналастырылады. Болжамды 40 мың еуро бюджетінің 30 пайызын мемлекет берсе, қалған қаржыны жеке ұйымдар өтейді. Кинофестиваль аясында Қазақстанда түсірілген 28 туынды көрсетіледі.