Зерттеушілер тобы Торғай үстіртіндегі геоглифтерінің құпиясын ашпақ
сапардың мақсаты - аймақта табылған геоглифтерге - тек жоғары жақтан көзге көрінетін жер бетіндегі бедерлі геометриялық суреттерге түсіндірме беру болып табылады.
Торғай үстіртіндегі бұл әдеттен тыс нысандарды қостанайлық Дмитрий Дей Google Earth интернет-ресурсының көмегімен тапқан. 2007 жылы Дмитрий Дей Торғай үстіртінің ғарыштан түсірілген Google Earth суретін зерттеу кезінде «Үштоғай квадраты» деп аталған алғашқы геоглифті байқаған. Жерде пайда болған геометриялық өрнектер геоглиф деп аталады. «Үштоғай квадраты» деген атқа ие болған тұңғыш геоглиф қорған тектес 101 көмбеден тұрады. Ал «Торғай свастикасы» деп аталатын екінші нысанның диаметрі 90 метрге жуық. 2008-2009 жылдары Торғай үстіртінен тағы да жеті нысан табылған. Олар - шаршы, айқыш (крест) тектес үш белгі, 25 төмпешік-көмбеден тұратын алып шеңбер.
Зерттеуші А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертханасының жетекшісі Андрей Логвиновпен бірлесіп 2007 және 2008 жылдары Үштоғай квадратына екі археологиялық экспедиция ұйымдастырған. Әзірге онда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бұл белгісіз объектілердің құпиясын аша алған жоқ. Екі жылға созылған археологиялық жұмыстар нәтиже бермеген. Бұған экспедициялардың қаржылық және материалдық-техникалық базасының әлсіздігі әсер етіп отыр.
Биылғы, үшінші экспедицияның мақсатының бірі - көмбе ауданында күрделі археологиялық жұмыстар ұйымдастыру үшін торғай геоглифтеріне ғылыми жұртшылықтың назарын аудару. Торғай экспедициясына биыл Дмитрий Дей, танымал меценат және кәсіпкер Сапар Ысқақов, кәсіпкер Болат Ишманов, БАҚ өкілдері кіріп отыр.
Барлық құпия көмбелер Торғай мен Обаған өзендері қиып өтетін Торғай қолатына, яғни Торғай жыра-сайына жақын орналасқан. Үлкен Энциклопедиялық сөздікте «Торғай қолатының Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқаны, Батыс-Сібір ойпатын Тұран жазығының солтүстігімен байланыстырып жатқаны, ұзындығы 800 шақырым, ені 20-75 шақырымды құрайтыны» жазылған.
Ежелгі тарихқа үңілсек, қазіргі Батыс-Сібір ойпатында ертеде толқыған теңіз болған сыпатты. Торғай қолаты деп аталатын, солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла жатқан кең ойыс кайназой дәуірінде Батыс Сібір теңізін Торғай теңізімен жалғастырып тұрған бұғаз болған.
Үстірт негізінен, теңіз шөгінділері мен континенттік жыныстардан тұрады. Олардың қалындығы 5000 м-ге жетеді.