Зейнетақы реформасы: Полицейлер жаппай зейнетке шығып жатыр ма

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха зейнетақы реформасына байланысты полиция қызметкерлерінің жаппай зейнетке шығуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.

полиция
Фото: Polisia.kz.

Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Ішкі істер министрі орынбасарынан: «Қазақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамту жүйесіне елеулі өзгерістер енгізуге дайындық жүріп жатқаны туралы ақпарат бар. Атап айтқанда, алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің зейнетақысы индексацияланбайды деген ақпарат тарады. Осыған байланысты қазір көптеген қызметкер өзгерістер өздеріне әсер етпеуі үшін жаппай зейнетке шығып жатыр деген де мәлімет бар. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?», — деп сұраған еді.

Игорь Лепеха бұл мәселе ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында кеңінен талқыланғанын жасырған жоқ.

— Расында, Еңбек министрлігі жалпы зейнетақы реформасына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтады. Оның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты зейнетақы заңнамасын өзгерту мәселесі де қаралды. Біз кездесулер мен талқылаулар барысында аталған мәселеге қатысты ұстанымымызды білдірдік. Қазіргі таңда қолданыстағы зейнетақымен қамту моделі негізінен барлық қызметкерді қанағаттандыратынын, сондықтан олардың жағдайын ешбір жағдайда нашарлатуға болмайтынын айттық. Кейін бұл мәселе күн тәртібінен алынып, әрі қарай талқыланған жоқ. Нақтылап айтсам мәселе вице-премьерлердің бірінің деңгейінде қаралып, кейін күн тәртібінен алынды. Одан кейін тараған ақпараттың барлығы — жалған ақпарат, — деді министр орынбасары.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерді тексерген кезде олардың арасында тіпті құқық қорғау органдарының қызметкерлері жазбайтынын ақпараттар кездескен.

— Мұның не үшін жасалғанын білмеймін. Мүмкін, полиция қызметкерлерінің моральдық жағдайына кері әсер ету үшін шығар. Бірақ қазіргі таңда бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ. Бүгін айтарым — осы, — деді Игорь Лепеха.

Қазақстандықтар баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы төлемдерінен 27,5 млрд теңге жұмсады.