Зейнетақы жинағы бар жұмысшы қазақстандықтар ғана еңбекпен қамтылған болып есептеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін 500 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспары бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлім етті.
 
                                              — Биыл бірінші жартыжылдықта 250 мың азамат жұмысқа орналасты, оның ішінде 134 мың адам тұрақты еңбекпен қамтылды. Сол сияқты ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 4,6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында шамамен 63 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 67 мың адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 116 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, — деді Асқар Биахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ вице-министр жыл соңына дейін 480 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспары туралы айтты.
— Министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы міндетті зейнетақы жарнасы бар азаматтардың жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізіліп жатыр. Енді жұмыспен қамтылғандар қатарына тек міндетті зейнетақы жарнасы бар азаматтар ғана енгізіледі, — дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін 4 күндік жұмыс аптасы жағдайында қазақстандықтардың жалақысы қалай есептелетіні туралы жазған едік.