Зейнетақы жүйесінің тағы бір моделі пысықталып жатыр – Еңбек министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесінде реформаны талқылау аясында тағы бір модель – сингапурлық модель талқыланып жатқанын айтты.
- Әлі талқылау жүргізіп жатырмыз. Өйткені таяуда қосымша ұсыныс – сингапурлық зейнетақы жүйесінің моделі пайда болды. Келесі аптада дәл осы модельді талқыға саламыз. Сингапурлық жүйе жинақтауды көздейді. Міндетті түрде жинақтау керек. Дегенмен, баспана сатып алуға мүмкіндік бар, - деді Асқарбек Ертаев Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында.
Оның айтуынша, министрлік бүгінде сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр. Қорытынды алынғаннан кейін бұл ұсыныс жұмыс тобының қарауына шығарылады.
- Қалай дегенде де біз осы ұсыныстардың ішінен оңтайлысын таңдап, одан зейнетақы жүйеміз қалай дамитындығына қатысты қорытынды топтама жасаймыз, - деді министр.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқа ведомстволармен бірлесіп, зейнетақы жүйесін реформалаудың екі моделін қарастырып жатқанын жазған едік.
Ұсынылып отырған нұсқалардың бірі – «4+1» моделі. Бұл модель бойынша жұмыс берушінің қосымша міндетті зейнетақы жарналарының 4 пайызы қызметкердің жеке жинақтаушы зейнетақы шотына, ал 1 пайызы ортақ сақтандыру қорына аударылады.
Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балама нұсқа ұсынып отыр. Бұл жағдайда барлық қосымша жарна ортақ қорға жинақталып, кейіннен төлем алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлінеді.