«Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын беру керек пе?» - баспасөзге шолу

***
«Басқасын қайдам, дәл бүгінде Бурабайда жанайқайға басатын тұс келіп тұр. Нақтылай түссек, көп салалы Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) дендробағына (түр мен тек қоры) қатысты мүшкіл хал осыны айтқызады. Төтесінен қайырайық, Қазақстанда орман тым аз. Оның үстіне, жасыл белдеу қорының құрамын негізінен қайың, қарағай, емен, үйеңкімен шектей аламыз. Өсімдіктер әлемінің 17 пайызы ғана ағаш екен. Оның өзі, көбінесе табиғаттың береген қолымен бой түзеуде. Сондықтан, "қара орманның" қалыңдауы адамның қамқор жанашырлығына тәуелді болып қала беретіні ақиқат. Міндет - барды еселеп, сұранысқа қажетті тұқым дайындау, жаңа түр мен текті молайту. Бұл орайда, басты тұтынушы бейқам отыр дегеніміз жараспас. Өткен ғасырдың басында-ақ, Бурабай орман техникумында дендробау құрылып, өсімдіктердің 400 түріне ғылыми сынақ жүргізіле бастаған. Көзайым құндылықтың қайтарымы аз болған жоқ. Ең бастысы, өсімдіктер әлемін көркейтудің ғылыми жүйесі қалыптасты»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Дендробақ демеу күтеді» атты мақаласында.
Ғылыми-зерттеу институты Елбасы тапсырмасын ойдағыдай орындап отыр. «Жасыл белдеудің» аумағы қазіргі күні 100 мың гектарға жуықтады. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскіндер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыттағы ізденіс әлі де жалғаса беретіні анық. Тек әлеуеті мол ғылыми ордаға тиісті қамқорлық керек.
Бас басылымда «Автобустар газбен жүреді» деген мақала жарияланды. Ақтөбеде болашақта Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) ықпал етуімен сұйытылған газ пайдаланатын автобустар паркі пайда болады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілінің директоры Джанет Хекманмен болған кездесуінде осындай келісімге қол жеткізді. Өңір басшысы Хекман ханымды қарсы ала отырып, Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастығы елдің экономикалық жағдайын дамытудағы басым бағыттардың брі екенін атап өтті. Қазақстанда жұмыс істеген 20 жылдан астам уақыт аралығында еліміздің түрлі секторында жалпы құны 6,5 миллиард еуро болатын 210 жоба жүзеге асырылды.
- Облыс әкімдігінің Еуразиялық қайта құру және даму банкімен Ақтөбе қаласының коммуналдық шаруашылығы жүйесін дамыту бойынша екіжақты ынтымақтасып жұмыс атқаруда тәжірибесі бар. Аймақта Еуразиялық банктің қолдауымен бірнеше жоба жүзеге асырылуда. 2015 жылдың қазан айында Ақтөбе қаласының жылу және су жүйелерін жаңғырту және қайта салынуы бойынша жобаны жүзеге асыруға шамамен 7 миллиард теңге инвестиция тартылды, - деді аймақ басшысы.
Ақтөбеде шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ЕҚДБ кеңсесі жұмыс істейді, ол кәсіпкерлерге консультациялық қызметтер көрсетеді. Бұл кеңсенің ерекшелігі Ақтөбе облысымен қатар Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан өңірлерінің бизнес өкілдеріне де қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда аймақта 32 кеңесші жұмыс істейді, олардың көмегімен 105 жоба жүзеге асырылуда.
- Біз сұйытылған газбен қатынайтын автопарк құру жөнінде бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 4,3 миллиард теңге инвестиция салғымыз келіп отыр. Бұл қаражат коммуналдық автобус паркінің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады, табиғи газ пайдаланатын 100 заманауи автобус сатып алады, газ құю стансасы салынады, автобус депосы ашылып, электронды билет жүйесі енгізілмек, - деді аймақ басшысы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, жақында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қазақстандықтар үшін зейнетақы қорындағы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік туатыны жөнінде айтқан болатын. Оның сөзіне сүйенсек, мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар. Әзірше бұл мәселе Үкіметтің талқысында. Шешім шықса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтардың зейнетақы жинақтарын ауыр сыртқаттарды емдеуге, білім алуға және жылжымайтын мүлік сатып алуға бермек. Бұл тұрғыда БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденов өзге елдердің тәжірибесі негізге алынып отырғанын жеткізген. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын беру керек пе?» деген мақаланы оқып шығыңыз.
***
«Журналист және халық! Журналист және қоғам! Бұл бір-бірінен ажырағысыз, біте қайнасқан ұғымдар. Елдің мүддесін, жұртшылық көкейін толғандырған өзекті мәселені ортаға салуда алдына жан салмайтын кәсіп иелері бұл журналистер екені сөзсіз. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осынау кәсіп иелері туралы азды-көпті сөз қозғап отырғанымыздың да мәнісі жоқ емес. Оның бастысы және журналистерді ұзақ жылдардан бері мазалап келе жатқан негізгі сауалдардың бірі - әлеуметтік тұрғыдан қорғалмай келе жатқаны дер едік. Қазір байқап отырсақ, көбіне-көп қазақ журналистерін шетелдік әріптестерімен салыстыру байқалады. Алайда шетелдегідей өз журналистерімізге жағдай жасау, олардың мәртебесін көтеру және қорғау, материалдық жағынан көтермелеу сияқты игі шараларға көңіл бөлінбей қалатыны өкінішті. Қызмет бабында өміріне қауіп пен қатер төнетін, күн-түн демей материал, мақала дайындайтын журналистерге тіпті әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылмай келеді. Атқарған еңбектері алатын жалақыларына да сай келе бермейді, күнкөрісінен аспасы анық»,-деп жазады «Ана тілі» басылымы соңғы санындағы «БАҚ өкілдерінің әлеуметтік мәртебесі назардан тыс қалып келеді. Неге?» деген мақаласында.
Осы ретте мақала авторы ең маңызды мәселенің бірі ретінде журналистер күні бүгінге дейін мемлекеттік сала қызметкерлері қатыса алатын «Тұрғын үй» бағдарламаларына қатысудан құқықтық, заңдық мәртебе тұрғысынан тыс қалып отырғандығын атап өткен. Ал шынтуайтына келгенде мемлекеттік қызметшілерге журналистерге қарағанда анағұрлым жақсы жағдай жасалады.