Зейнетақы жинақтарын бағыттар бойынша инвестициялау ұсынысы 2016 жылға уақытша шешім болып отыр

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2015 жылғы 400 млрд. теңге ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, 2016 жылы 1 450 млрд. теңге сомасындағы еркін зейнетақы жинақтары бірнеше бағыттар бойынша инвестицияланады. Министрдің сөзіне қарағанда, 2016 жылы республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға 350 млрд. теңге бағытталады. БЖЗҚ портфелін әртараптандыруды және азаматтардың зейнетақы жинақтары кірістілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін 500 млрд. теңгені шетел валютасына айырбастау ескерілген. Мұнымен қоса, 600 млрд. теңге нақты экономиканы қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің, компаниялардың шартталған облигацияларын алуға бағытталмақ.
«Ұсынылып отырған бағыттар зейнетақы активтерінің барынша серпін беруін қамтамасыз етіп, инвестициялардың сақталуын кепілдік береді. Салымшылардың мүддесіне орай БЖЗҚ зейнетақы активтерін бөлу нарықтық пайыздық ставка талаптарымен жүзеге асырылады», - деді Е. Досаев. Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарын бағыттар бойынша инвестициялау ұсынысы 2016 жылға уақытша шешім болып отыр. Осы орайда зейнетақы жинақтарын пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етілетінін атап өтті.