Ж. Әбділдин: «Нұрлы жол» - қазақстандық Тәуелсіздікті тұлғаландырудың жаңа биігі
Бірінші - Қазақстан халқының ғасырлық құндылықтары мен жаңа жетістіктерін бекіту.
1991 жылдың 16 желтоқсанында біздің еліміз өзінің көптен күткен мемлекеттік Тәуелсіздігіне ие болды. Бұл біздің халқымыздың барлық ұрпақтары армандап келген ұлы бақытты сәт еді. Бізге осынау ерекше оқиғаны жүзеге асыру бақыты бұйырды.
Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан халқы қысқа тарихи мерзімде өзінің уақыт мойынға жүктеген тағдырлы міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті екендігін көрсете алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен халқымыз нарық экономикасын, қуатты мемлекетті құрды. Елбасының әрдайым атап көрсететініндей, бейбітшілік пен келісім - біздің дамуымыздың басым бағыты болып табылады.
Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында халықаралық қатынастардың субъектісіне айналып, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Еліміз көп қырлы сыртқы саясатты жүзеге асыруда. Біз халықаралық шарттарды әрдайым тұрақты орындап келеміз. Мемлекетіміздің, біздің Көшбасшымыздың халықаралық беделі тұрақты түрде өсу үстінде. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, 2010 жылы Астанада оның маңызды Саммитін өткізуі, 2017 жылы өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болуы - осының үлкен дәлелі. Біз өзіміздің рухани мәдениетімізге, тарихымызға және дінімізге жаңа қырынан қарай бастадық. Қазіргізамандық Қазақстан әлемдегі ашық та сыйлы мемлекеттердің біріне айналды.
Екінші - Мәңгілік Ел ұлттық идеясын айшықтандыру мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру.
Қазақстан - табысты дамып келе жатқан мемлекет. Оның мақсат-мұраттары болашаққа бағытталған. Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» аса маңызды ұлттық идеясын ұсынып, сонымен қатар, біздің елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу міндетін алға қойды.
Президенттің түсіндіруі бойынша идея дегеніміз - Қазақстан мемлекеттілігінің болашаққа бағытталған жолдарын айқындайтын үлкен мәселе. Тек дамыған, еркін мемлекет қана өзін кездейсоқ қиындықтардан қорғау мүмкіндігіне ие бола алады.
Мәңгілік Ел идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы - мазмұнды және ғылыми тұрғыда негізделген еңбектер. Өйткені, талдау олардың біздің халқымыздың негізгі арманы ғана емес екендігін, олар Қазақстанның соңғы 23 жылда басып өткен даму жолдары мен қол жеткізген мүмкіндіктеріне негізделгендігін көрсетіп отыр. Қазақстан қазіргі күні алдыңғы қатарлы нарық экономикасы қалыптасқан, тұрақты саяси жүйесі бар, мәдениеті дамыған елге айналды.
Қазіргі уақыттағы дамыған елдер тәжірибесі Қазақстанның болашақта әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына кіре алатындығын дәлелдеуде. Әрине, ол үшін экономикамызды, ғылымымызды, адамдық ресурстарымызды, мәдениетімізді қайта жаңғыртуымыз қажет. Еліміз міне, осы жолда келеді. Сондықтан да, өзіміздің ресурстарымыз бен әлеуетімізге сүйеніп, қарыштап дамып келеміз. Алға қойған мақсаттарға жетудің, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің арасынан лайықты орын алудың нақты мүмкіндіктері күн өткен сайын қалыптасу үстінде.
Осындай өршіл міндеттерді шешу кезінде идеяның өмірде қалайша жүзеге асатындығы ерекше мәнге ие болады. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл идеяны жүзеге асыруға ықпал ететін негізгі тетіктер мен амалдарға үлкен назар аударылған.
Үшінші - «Нұрлы жол» - қазақстандық Тәуелсіздікті тұлғаландырудың жаңа биігі.
Жалғасып келе жатқан жаһандық қаржы-экономикалық, геосаяси дағдарыс, мемлекетаралық қатынастардың күрделенуі жағдайында қосымша қатерлер, жаңа жаһандық сынақтар бүкіл әлемнің алдында пайда болып, олар біздің дамуымызға да көлеңкесін түсіруде. Бұл қиындықтарды еңсеруіміз қажет.
Міне, сондықтан да Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу міндетін жүзеге асырудың маңызды кезеңі ретінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатын ұсынды.
Егер Президент өзінің бұрынғы Жолдауында өндірісті жаңартуға, өнеркәсіпті дамытуға, өндіріс пен ауыл шаруашылығында ғылымды қолдануға басты назар аудартса, соңғы Жолдауында біздің экономикалық дамуымыздың жаңадан пайда болған сыртқы тәуекелдерін ескере отырып, жаңа кең көлемді экономикалық бағдарламаны дайындатты. «Нұрлы Жол» аталатын бұл бағдарламада экономиканың өсіміне неғұрлым мол мультипликативтік тиімдіктер беретін салаларды қолдау арқылы экономикалық саясатты қайыра бағыттауға, құрылымдық реформаларды жалғастыруға мән берілген.
Президенттің тапсырмасы бойынша Ұлттық қорда шоғырланған қаражаттан 2017 жылға дейін әр жыл сайын 3 миллиард доллар экономикалық қиындықтарды еңсеру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бөлініп отырмақ. Бұл ресурстар көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық, әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуға, тұрғын үй инфрақұрылымдарын, су және жылу жүйелерін нығайтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын болады.
Инфрақұрылымдық дамудың бес жылға есептелген жоспары - Жаңа Экономикалық Саясаттың өзегіне айналды. Осы арқылы тек жол салудың есебінен ғана 200 мың жұмыс орны құрылады. Бұл өз кезегінде, халықтың жұмыспен қамтылуын және табысының өсуін қамтамасыз етеді. Астанадан еліміздің өңірлеріне автокөлік, теміржол және әуе магистральдары тарайтындай көлік желісі қалыптасуы тиіс.
Жаңа инфрақұрылым біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен тығыз байланыстыратын болады. Жүк ағымы жеделдей және молая түседі. Транзит көлемі артады. Әлеуметтік ықшамдылық жақсарады. Осының бәрі ақыр аяғында әрбір қазақстандықтың тұрмысының жақсарып, өмір сапасының артуына қызмет етеді.
Президент қазақстандықтарды үлкен де жауапты жұмыс күтіп тұрғандығын атап көрсетті. Қазақстан халқы шыңдалудың жаһандық сынағынан өтуге тиіс. Осы үшін біз бірлігімізді арттырып, өзіміздің қол жеткізген жалпыхалықтық жетістігіміз - бейбітшілік пен келісімді нығайта түсуіміз және оны әрдайым қорғай білуіміз қажет.
Сонымен бүтіндей алғанда, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру жаңа бір кезеңді білдіреді. Біздің алдымыздан технологиялық, әлеуметтік және мәдени прогрестің Қазақстанның Тәуелсіздік тарихындағы жаңа кезеңнің бетін ашады.
ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы күрделі, қарама-қайшылықты болатындығы байқалуда. Сондықтан да, біздің бәрімізге Елбасы саясаты - бейбіт өмір, келісім, тұрақтылық саясаты аясында бірігу керек. Тек Президент таңдап алған бағытты бекем ұстау ғана біздің табыстарымыздың және қазақстандықтардың болашақ ұрпақтары табысының кепілі бола алады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.