17:32, 28 Маусым 2016 | GMT +5
Ж.Қасымбек алдағы уақытта ақылы болатын автожолдарды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 7 мың шақырым жол ақылы болады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«7 мың шақырым автомобиль жолында ақы алу жүйесі енгізілетін болады. Түскен қаржы автомобиль жолдарын толығымен күтіп ұстауға бағытталады. Бұл республикалық бюджетке жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Осы ретте министр мысалға Астана-Щучье ақылы автомобиль жолын келтіріп өтті. Оның айтуынша, 2015 жылы бұл жолдан түскен қаржы 1,1 млрд. теңгені, ал 2013-2015 жылдары аралығында 2,8 млрд. теңгені құраған.
«Болашақта, 2017-2018 жылдары Астана-Атбасар-Жақсы, Шымкент-Қызылорда, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Алматы-Қорғас, Астана-Павлодар автожолдарын ақылы ету жоспарлануда», - деді Ж.Қасымбек.