17:14, 04 Сәуір 2016 | GMT +5
Ж.Қыдырбаев пен А.Өтешовке қатысты допинг тергеудің жауабы сәуірдің соңында айтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның ауыр атлеттеріне қатысты допинг тергеудің жауабын сәуірдің соңына қарай жария етеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне МСМ Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.

«Осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған, қазір комиссия жұмысын аяқтаған жоқ. Тергеу аяқталған соң, жауабын жария етеміз. Шамамен, сәуір айының соңына қарай мәселенің мәні белгілі болады», - деп жауап берді Е.Қанағатов.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 24 желтоқсанында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы зертханалық сараптамалар нәтижесін негізге ала отырып, 2015 жылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері - Алмас Өтешеов пен Жасұлан Қыдырбаевты, сондай-ақ, Ермек Өміртайды допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстан шеттеткен болады. Сондықтан, Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы тексеруді бастаған еді.