Жаһандық экологиялық модельге көшу теңгерімді әрі ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс - Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Жаһандық экологиялық модельге көшу теңгерімді әрі ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс. Бұл туралы Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді. Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық, - деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан Президент жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс екенін баса айтты.
- Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс. Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет. Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бірнеше елдің Президенті қатысып жатқан Өңірлік экологиялық саммит «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен өтіп жатыр.