Жаһандық сауда, АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс, ЖИ-ді реттеу — Ван Хуэйяомен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай және жаһандану орталығының незігін қалаушы әрі президенті Ван Хуэйяо Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, АҚШ-тың экономикалық шешімдерінің әлемдік сауда-саттыққа ықпалы, халықаралық саясатты реформалау қажеттігі, жасанды интеллектіні реттеудегі Қытайдың рөлі жайлы айтты.

— АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығына, оның ішінде қытай тауарларына қатысты соңғы шешімдерін ескере отырып, жаһандық сауда-саттықта қандай өзгерістер күтесіз? Олар маңызды бола ма? Ортақ ымыра табылады деп ойлайсыз ба? Өйткені, мұндай қатаң сауда-саттық соғысы Вашингтонға да, Бейжіңге де пайда әкелмейді ғой.
— Меніше, президент Трамп бір айға жуық қызметте болған кезде-ақ бүкіл әлеммен сауда-саттықта тепе-теңдікті қалпына келтіруге тырысып отыр. Оның бірінші президенттік мерзімінде Қытайға баса назар аударылса, енді қазір бәріне бағытталып отыр. Қысқа мерзімді келешекте бұл әлемдік экономикаға зиянын тигізеді. Өйткені бұл дүрбелеңге, бейберекеттікке және айтарлықтай түзетулер енгізу қажеттілігіне әкеледі.
Ал ұзақ мерзімді келешекте бұл АҚШ-ты оқшаулап, басқа елдердің бір-бірімен сауда жасауына итермелеуі ықтимал. Осылайша, бұл саясат жұмыс істемеуі мүмкін болса да, кейбір теңгерімсіздіктерді жоюы қажет сияқты. Атап айтқанда, егер Қытай мен АҚШ сауда соғысына кірсе онда бұл екі ел үшін де өте нәтижесіз болмақ.
Меніңше, Қытай бұл қысымға бірінші мерзімде төтеп бере алды. Шын мәнінде Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-саттық тіпті бірінші мерзіммен салыстырғанда арта түсті. Сондықтан, менің ойымша, АҚШ мұны одан әрі келіссөздер жүргізуге итермелеу үшін құрал ретінде пайдаланады және бұл дұрыс. Өздеріңіз де білетіндей, Қытай айтудан қорықпайды және айтамыз да.
Біз осы мәселелердің барлығын шеше аламыз. Өзара және тиімді бірнеше мәміле жасайық. Сауда баж салығын тоқтатайық. Ұзақ мерзімді келешекте бір үстел басына отырып, өзара тиімді шешімдер таба алсақ, бұл Қытайға, АҚШ-қа және бүкіл әлемге пайда әкелер еді.

«Демократияға қарсы автократия» сияқты идеологиялық әңгімелерге немесе AUKUS, Quad не Кэмп-Дэвид сынды геосаяси альянстар құруға байланып қалудың қажеті жоқ. Оның орнына экономикалық мәселелерге — Транс-Тынықмұхиттық серіктестік туралы жан-жақты және прогрессивті келісімге, Жан-жақты өңірлік экономикалық серіктестікке, тіпті Дүниежүзілік сауда ұйымына көбірек көңіл бөлу және реформалармен жұмыс істеу керек. Ұзақ мерзімді келешекте бұл мәселелерді шешуіміз қажет. Бірақ қысқа мерзімде оны жүзеге асыру өте шашыраңқы болмақ.
— Баж салығы мәселесі Еуропадағы саяси шиеленістің күшеюімен тұспа-тұс келді. Германиядағы ахуал парламенттік сайлау қарсаңында белгісіз болып тұр. Ал Францияда экономикалық дағдарыс Үкіметтің жиі ауысуымен тереңдей түсуде. Осыған орай еуроға қатысты болжамыңыз қандай? Әсіресе, НАТО-ға мүше елдер қорғаныс шығындарын көбейтуге мәжбүр боларын ескерсек ЕО мүше елдер арасындағы экономикалық жағдайға наразылықтың артуы аясында өзінің сыртқы міндеттемелерін сақтай ала ма?
— Меніңше, Еуропалық одақты алда қиын кезең күтіп тұр. Қақтығыстар аяқталған жоқ, Трамп қорғаныс бюджетін ұлғайтуды талап етіп отыр. Экономикалық өсім баяулап, саяси жағдай бұлыңғыр болып қала бермек. Германия мен Франция үкіметтері тұрақсыз болуы мүмкін. Бұл қосымша қиындықтар тудырады.
Осы тұрғыдан алғанда, ЕО барынша стратегиялық әрекет жасап, тәуелсіздігін танытуы және Қытай мен АҚШ арасында өз орнын табуы керек. Трамптың істеп жатқаны, оның ішінде Гренландияны басып алуға деген ниеті Еуропа елдеріне барынша геосаяси қысым жасайды. Қазір ЕО үшін Қытайды стратегиялық қарсылас санайтын АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықтың орнына Қытаймен, өзге елдермен және жаһандық оңтүстікпен байланыстарды нығайту үшін өте қолайлы сәт. Өйткені, Еуропа Қытайды бірізді бәсекелес ретінде қарастырады.
ЕО әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі болып қала береді. Қытай мен ЕО алдағы турбулентті уақыттарға төтеп беру үшін бірге жұмыс істеуі керек.
Мұндай тәсіл енді мүмкін емес сияқты. Сонымен қатар, Қытай мен ЕО экономикалық ынтымақтастықты нығайтуы қажет. Қазір бірнеше жыл бойы қозғаусыз тұрып қалған ЕО мен Қытай арасындағы инвестициялар туралы жан-жақты келісімді жандандыру және қайта бастау үшін қолайлы уақыт сияқты. Еуропалық одақ пен Қытайдың осынау қиын кезеңде ынтымақтастыққа айтарлықтай әлеуеті бар.
Түптеп келгенде ЕО әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі болып қала береді. Қытай мен ЕО алдағы құбылмалы уақытқа төтеп беру үшін бірлесе жұмыс істеуі тиіс.
— Жыл басынан бері әлемдік басты БАҚ-тар Дональд Трамп пен оның шешімдеріне назар аударып отыр. Оның Газа секторына қатысты мәлімдемелерін қалай бағалайсыз? Вашингтонның Газа секторын бақылауға алу ниеті қаншалықты шындық?
— Президент Трамптың айтқандары рас та шығар деп ойлаймын. Бірақ, бізге әлемдегі тепе-теңдік қажет. Айтайын дегенім, Қытай Парсы шығанағы елдерінің және Таяу Шығыстың көптеген елінің ең ірі сауда серіктесі, сонымен қатар ол жақта айтарлықтай экономикалық ықпалға ие. Сондықтан 2 миллион палестиналықты Газадан басқа елдерге көшіру жақсы идея деп айта алмаймын. Өйткені бұл аласапыранға әкелуі ықтимал.
Алайда, Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесінің бірі ретінде ЕО және басқа да көптеген елмен бірге АҚШ ұсыныстарына үйлестірілген көзқарас ұсына алады. Меніңше, Еуропалық одақ, әрине, Қытай да палестиналықтардың Газадан қоныс аударуына қарсы. Бұрындары барлық ел қолдау көрсеткен екі мемлекет құру туралы шешімді ұстанайық және мұны шынымен жүзеге асырайық.
Қытай АҚШ-тың біржақты тәсіліне маңызды қарама-қарсылық қызметін атқарады. Сонымен қатар Қытай — Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдерінің жақсы досы. Шындығында 14 палестиналық фракциямен сындарлы идеялар ұсына аламыз. Инфрақұрылым құрудың кең мүмкіндіктеріне Қытай ие Газа секторын, сондай-ақ Украинаны қалпына келтіруге көмек көрсете алады.
Қытайдың Таяу Шығысты бейбіт реттеуге қатысуы және БРИКС-ті қоса алғанда ЕО-мен, басқа елдермен бірлесіп, екі мемлекет туралы дұрыс шешімді қолдауы үлкен маңызға ие болады. Біз тек бір елдің біржақты әрекеттері мыңдаған палестиналықтардың тағдырын анықтауына мүмкіндік бермеуіміз керек.
— Жасанды интеллект әлемдік державалар арасындағы бәсекелестіктің негізгі саласына айналды. Көптеген ел жасанды интеллект дамуын реттеу және бақылау шараларын енгізіп жатыр. Мәселен, Еуропалық одақ жасанды интеллект жүйелерін реттеу туралы жаңа заң қабылдады. Сіздің ойыңызша бұл шаралар қаншалықты тиімді болмақ?
— Париждегі жасанды интеллект саммитінен қазір ғана оралдым. Меніңше, жасанды интеллектті дамыту мен реттеу — бұл халықаралық деңгейде шешілуі тиіс міндет. Қазірдің өзінде климаттың өзгеруімен айналысып жатырмыз. Ендігі уақытта жасанды интеллект пен жаһандық қарыз бар. Унилатерализм осынау жаһандық ауылда жұмыс істемейді — бәріміз бір жердеміз, бір ғаламшардамыз.
Жасанды интеллект — бұл екі ұшы бар таяқ. Біз оны қалай басқаратынымызға және реттейтінімізге байланысты жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Қытай, Франция, ЕО және Үндістан Парижде жасанды интеллект декларациясына қол қойды. Ал АҚШ пен Ұлыбритания одан бас тартты. Бұл қазірдің өзінде идеологияға немесе саяси жүйелерге байланысты емес, жасанды интеллектіні жаһандық басқарудың болашағы туралы жалпы түсінікке негізделген бөлінуді көрсетеді деп ойлаймын. Меніңше, бұл жақсы тәсіл.

Бізге АҚШ пен Ұлыбританияны жасанды интеллект декларациясына қосылуға, сондай-ақ жасанды интеллектіні басқарудың жаңа жаһандық жүйесін құруға сендіруіміз қажет. Осы тұрғыда Қытай, Франция, Үндістан, ЕО және басқа да көптеген ел, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Меніңше, бұл жақсы бастама және бірге жұмыс істеуді жалғатырайық.
— Қытай DeepSeek сияқты жүйелерді дамыта отырып, жасанды интеллект саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Кейбір аспектілерде мәселен ChatGPT сияқты батыстық баламадан да асып түсті. Сіздің ойыңызша, Қытайдың жасанды интеллектті дамытудағы келесі қадамы қандай?
— Ия, меніңше, жасанды интеллект — бұл шынымен де адамзат баласы тиімді басқаруды үйренуі тиіс қуатты құрал. Бірақ, мұны жақсырақ және экономикалық барынша тиімді жасауымыз керек. Қытай компаниясы жасаған DeepSeek моделі нағыз серпіліс саналады. Бұл жасанды интеллект саласындағы революциялық, жаңа құбылыс. DeepSeek ашық бастапқы кодтарды ұсынады. Бұл ашық жүйе, шығындар тұрғысынан әлдеқайда үнемді, тиімдірек және ол құнының бір бөлігі ғана.
Жоба Батыстың, әсіресе америкалықтардың жетекші жасанды интеллект компанияларының монополиясын бұзады. Ол дамушы елдер үшін болашақта жасанды интеллект технологияларын игеруге мол мүмкіндік береді. Ол шағын бюджетпен әзірленуіне миллиардтаған, тіпті триллиондаған доллар қажет болған құралдардай тиімді қуатты жасанды интеллект құралдарын жасауға болатынын көрсетеді.
Осылайша, мен оны өте маңызды деп санаймын. Бұл болашаққа, оның ішінде жаһандық Оңтүстік елдеріне, дамушы елдерге әлдеқайда ауқымды жол ашты. Жасанды интеллектті игеру, оның мүмкіндіктерін пайдалану адамзаттың болашақ игілігіне айналады. Сонымен қатар салауатты бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Сондықтан барлық жасанды интеллект компаниялары мұны құптайды.
Бұл — жасанды интеллект саласындағы салауатты бәсекелестік. Бірақ Қытай жасанды интеллектінің ең ірі орталықтарының бірі ретінде әлемдегі ЖИ саласы таланттарының үлкен пулына ие. Қытай университеттерін жыл сайын 30 миллион студент бітіреді, олардың жартысы ғылым мен инженерияға маманданған. Қытайдың ЖИ саласында мол тәжірибесі бар және АҚШ-тағы бұл саланың көптеген сарапшысы Қытайдан шыққан. Меніңше, Қытай, АҚШ, ЕО және жаһандық Оңтүстік елдері арасында жасанды интеллектіні барлық ел мен адамдарға қолжетімді ету және оны пайдалануды жақсарту үшін ынтымақтастықтың мол мүмкіндігі бар.
Демек, менің ойымша, DeepSeek — бұл жасанды интеллекттің жарқын болашағы бар екенін көрсететін ЖИ саласындағы революциялық жетістік.
— Тағы бір қызықты оқиға — Apple мен Alibaba-ның Қытайдағы iPhone-ға арналған жасанды интеллектті дамытудағы ынтымақтастық. Бұл серіктестік Қытай технологиялық нарығы үшін де, әлемдік нарық үшін де нені білдіреді?
— Меніңше, бұл керемет жаңалық. Айтайын дегенім, Қытай мен Apple смартфондар үшін жасанды интеллекті әзірлеуде Alibaba-мен ынтымақтасады және бұл өте жақсы. Apple әлемдегі ең ірі смартфон өндіруші, өзінің iPhone-ының 80-90 пайызын Қытайда өндіреді. Егер Alibaba жасанды интеллект саласындағы серіктесіне айналса, онда iPhone Қытайда, сондай-ақ бүкіл әлемде нарықтың үлкен үлесін алып, жалғастыратынына сенімдімін.
Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан олардың әлі де бірге жұмыс істей алатындығын көрсетеді. Сондықтан TikTok қабылданады деп үміттенемін. Сондай-ақ, Google, X Қытайға келеді деп үміт артамыз. Шындығында да бақылауды әлсіретейік, бір-бірімізге ашылайық, Қытай, АҚШ және бүкіл әлем арасындағы ынтымақтастықты жақсартайық.
Сұхбаттың ағылшын тіліндегі түпнұсқасына мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.