Жәбірленуші: Перизат Қайрат әрекеті үшін жауап беруі тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтті.
- Медиа кеңістікте анасы мен қызының бұл әрекетін белдемше киген Остап Бендермен немесе алаяқтар патшайымы атанған Софья Блювштейнмен (лақап аты - Сонька Алтынқол) салыстырып жатыр. Бұл адамдардың субъективті пікірі. Біз прокурордың пікірін тыңдадық. Шынында да, аталған баптар бойынша заң бұзылып, қылмыс жасалғаны расталып отыр. Сіздерден қатаң шара қолдануды сұраймын, - деді жәбірленушінің өкілі, «Стройконструкция» АҚ-ның заң кеңесшісі Ғалия Исаева сотта.
Сондай-ақ жәбір көрушінің өкілі Перизат Қайраттың ісінен 45-тен астам адам зардап шеккенін айтты.
- Біз азаматтық талабымызды толық қолдаймыз. Айыпталушыларға қатысты қатаң шара қолдануды сұраймыз және 200 миллион теңгені толық өндіруді талап етеміз. Адамдар өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс. 2024 жылы бүкіл ел жаңалықтан «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының тасқыннан зардап шеккендерге көмектесіп жатқанын бақылап отырды. Бірақ, бүгінде барлық бұқаралық ақпарат құралында қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны айтылып жатыр. Айыптауларды толық қолдаймын. Қылмыстық жауапкершілікке тартып, қатаң жаза қолдануды сұраймын,- дейді ол.
Бұған дейін куәгер Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваны денсаулығына байланысты үйқамақта қалдыруды сұраған еді.
Айта кетейік, прокурор Перизат Қайратты 10 жыл, анасын 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ кеше сот отырысында Перизат Қайрат сотында прокурор мәлімдеме жасады.
Еске салайық, Перизат Қайрат ісі бойынша 47 адам жәбірленуші деп танылды.