Жағажайдағы Азия ойындары: Қазақстан күрестен жүлдесіз қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның ұлттық құрамасы жағажай күресінен Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жарысты аяқтады. 

Жағажайдағы Азия ойындары: Қазақстан күрестен жүлдесіз қалды
Фото: Никита Басов / ҰОК

Қазақстан атынан үш спортшы жүлде үшін сынға түскенімен, олардың ешқайсысы медальға қол жеткізе алмады.

80 келіге дейінгі салмақта Ермахан Көшкінбаев қола жүлде үшін өткен кездесуде қытайлық Фэн Луқа қарсы 0:2 есебімен жеңілді.

Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Бейбіт Сейдуәлі қола жүлде үшін үндістандық Джасприт Каурмен кездесіп, 0:1 есебімен жеңілді.

70 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Алина Ертөстік те қола жүлде үшін өткен белдесуде қытайлық Ли Вэньцзиге 0:1 есебімен жол берді.

Айта кету керек, бұған дейін 29 сәуірде Қазақстанның су добынан жағажай құрамасы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленген болатын.