Жағдай бақылауымызда – Экология вице-министрі Маңғыстаудағы итбалықтардың қырылуы жайында

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстаудағы итбалықтардың қырылуына қатысты ақпарат нақтыланды және жағдайдың толық бақылауға алынғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

итбалық
Фото: Азамат Сәрсенбаев

«Маңғыстаудағы итбалықтардың қырылуына қатысты ақпарат нақтыланды. Өңірлік комиссия құрылды. Оның құрамына Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің өкілдері де кірді. Қазіргі таңда осы департамент қызметкерлері, атап айтқанда зертханалық-сараптамалық бақылау қызметкерлері судан сынама алды. Бұл комиссия құрамында тағы да Ветеринарлық инспекция, Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері бар. Яғни, бұл мәселе кешенді түрде зерттеліп жатыр. Алынған сынамалар нәтижесі белгілі болғанда, жалпы баға берілетін болады. Қазір біз сол зертханалық зерттеу жұмыстарының нәтижесін күтіп отырмыз», - деді вице-министр БАҚ өкілінің итбалықтардың қырылуына қатысты сауалына берген жауабында. 

Маңғыстауда итбалықтар қырылып жатыр. 28 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінің жағалауынан 100-ден аса итбалықтың өлексесі табылғанын хабарлаған еді. 

Көп өтпей бұл сан 300-ге жуықтады. 

Жануарлардың бұлайша қырылуының себебі әзірге белгісіз, негізі итбалықтар 24 қазаннан бері өле бастаған.