Жағымсыз иіске шағым азаймай тұр: Шымкентте кәсіпорындарға 89,6 млн теңге айыппұл салынды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтарда бүгінде 322 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы үш жылда тұрақты көздерден атмосфераға таралатын ластаушы заттардың көлемі айтарлықтай артқан.
Ресми мәліметке сәйкес, Шымкент қаласында 2023-2025 жылдар аралығында ауаға шығарылған ластаушы заттардың көлемі 31,6 мың тоннадан 40,05 мың тоннаға дейін өскен.
— Бұл жағдай қала аумағында жаңа индустриалды аймақтардың ашылуы, өндіріс орындарының көбеюі және автокөлік санының артуымен байланысты. Қаладағы атмосфералық ауаның сапасына индустриалды аймақтарда орналасқан кәсіпорындардың да әсері бар, — деді қалалық экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Оның мәліметінше, биылғы бес айда экологиялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында 26 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 89,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
— Атмосфералық ауаға рұқсатсыз және белгіленген нормадан тыс шығарындылар шығарғаны үшін «Rock Minerals» ЖШС-не 17 млн 607 мың теңге, ал «Polymettech» ЖШС-на 63 млн 960 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді спикер.
Сонымен қатар сот шешімімен экологиялық заңнаманы бұзған «Су ресурстары Маркетинг», «Rock Minerals» және «Polymettech» ЖШС-ның қызметі уақытша тоқтатылды.
Спикердің айтуынша, Полиция департаментімен бірлесіп, белгіленген шығарындылар нормасынан асатын автокөлік құралдарын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.
Сондай-ақ қаладағы төрт ірі кәсіпорында — «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» ЖШС-лары және «3-Энергоорталық» АҚ-да автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелері енгізілген.
Дегенмен, тұрғындардың жаз мезгіліндегі жағымсыз иіске қатысты шағымдары әлі де азаймай отыр.
— Жағымсыз иістің көзін анықтау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қазгидромет РМК-ның қала аумағындағы жеті бақылау бекеті атмосфералық ауаның сапасын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері экстремалды жоғары ластану деректері тіркелген жоқ, — деді Ермахан Қозыбаев.
Айта кетейік, 8 маусымда жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде қала аумағында рұқсат етілмеген жерлерде орналасқан 31 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оларды жою үшін аудан әкімдіктері мен полицияның аумақтық бөлімшелеріне тиісті тапсырмалар берілген.
Бұған дейін Шымкент тұрғындары қаладағы жағымсыз иіске байланысты шағым айтып жүргені хабарланған болатын.