Жаһандық ауқымдағы тұрақтылық біздің кең байтақ аймағымыздың тұрақтылығына тәуелді - Қ.Саудабаев

БҰҰ Бас Ассамблеясының мінбесінен Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов осы басқосуды өткізуді ұсынған болатын.
Конференцияда ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев құттықтау сөз сөйледі, ол бұл шараға қатысушылардың деңгейі жоғары және географиясы кең екенін атап өтті. «Биылғы жыл қарусыздану үдерісіндегі маңызды кезең болып отыр. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттегі әлемдік көшбасшылардың ортақ ұстанымы, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың шолу конференциясының үміт күттірерлік қорытындылары, Ресей мен АҚШ-тың шабуыл құралдарын қысқарту туралы шартқа қол қоюы әскери және стратегиялық салалардағы сапалы жаңа қатынастарды қалыптастыруға негіз болды және барлық халықаралық қоғамдастықтың жаһандық қарусыздану үдерісіндегі іркілістерді еңсеруге бел байлап отырғанын көрсетті.
Бұл тұрғыда Түрікменстан басшысының бастамасы қауіпсіз әлем туралы адамзаттың ұлы арманын жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес болып табылады», деді ол.
Қ.Саудабаевтың айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси дамуындағы Қазақстан халқының және оның Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тамаша табыстарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасы және шынайы тануы ғана емес, бүгінгі әлемдегі Орталық Азия мен Каспий алабы аймағының арта түсіп отырған маңызының тағы бір куәсі болды.
«Алайда біздің аймақ осы заманғы көптеген өткір проблемалар қордаланған өңір болып отыр. Бұл - Ауғанстанды сауықтыру, Иранның ядролық бағдарламасы, Таулы Қарабақ проблемасы, оның ішінде реттеуді қажет ететін өзекті мәселе әрине, қарусыздану тақырыбы. Бұл проблемалармен есірткінің заңсыз айналымы; ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік және басқалары тығыз байланысты. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін шешу мәселесі де өзінің кезегін күтіп тұрғанын ұмытуға болмайды.
Осы жағдайдарды ескере келгенде, жаһандық ауқымдағы тұрақтылық біздің кең байтақ аймағымыздағы тұрақтылыққа байланысты десек, асыра айтқандық емес», - деп атап көрсетті ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі бастамасы қарусыздану мен таратпау проблемаларын ашық та мүдделі талқылауға бірегей мүмкіндік бермек. Бүгінгі конференция да алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне осы тақырыпта өз ұсыныстарын бере алады, деп атап өтті Қ.Саудабаев.