Жаһандық дағдарыс капиталистік-нарықтық экономиканың ең оңтайлы, пісіп жетілген жүйе емес екенін көрсетті - К. Сағадиев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Капиталистік-нарықтық жүйе осылайша тереңдеген сайын өте салмақты кедергілерге, түрлі дағдарыстарға кездесіп, экономикалық үздіксіз өсім үшін қолайлы үлгі жасаудан қалады. Соңғы жаһандық дағдарыстың қайталанып, толқындауы да соны білдірсе керек. Бұл ретте адамзаттық өркениеттің даму сатысы үшін бұрынғыға қарағанда қолайлырақ экономикалық даму үлгісі қажет. Менің түсінігім бойынша, бұндай үлгі капиталистік және социалистік жүйелердің екеуінің үйлесімді әрі бірлескен түрінен шығуы шарт», деді К. Сағадиев.
Оның айтуынша, бұл екі жүйені бір-біріне қарама қайшы қоюға болмайды, олардың әрқайсысынан тиімдісін алып, біріктірілген қоғамды да қалыптастыруға тырысу қажет. «Біз осы жүйеге қарай қадам жасап барамыз деп ойлаймын. Бұндай жүйенің оңтайлылығына мысал ретінде бір шеті нарықтық, ендігі бір бөлігі жоспарлауды қамтитын Қытай секілді елдерді қарастырсақ та болады. Тіпті Францияның өзі ұзақ уақыттан бері мемлекеттің экономиканы басқаруындағы рөлін жоғары пайдаланып келеді», деді К. Сағадиев.