Жаһандық дағдарыс және 2010 жылға экономикалық болжамдар

ең құрығанда дамудың 2008 жылғы деңгейіне жете бастайтынын алға тартады. Экономика-қаржы мәселесін болжайтын тағы бір топ әлемдік экономиканың толық сауықпағанын, ғаламдық қаржылық күйрету толқынының тағы бір қайталап соғатынын айтады. Енді бірі әлемдік елдерді АҚШ экономикасына, халықаралық валютаның тұрақтылығы үшін де сол елдің экономикасына жұмыс істеуге шақырып, сонда ғана мемлекеттерде мамыражай кезең оралатынын көксейді. Ал дағдарыстың негізгі көзі болған АҚШ-қа келетін болсақ, қайсыбір сарапшылар 2010 жылы бұл елде бюджет дефициті өсімінің жалғасатынын, ұлттық қарыздың жылдам қарқынмен ұлғаятынын алға тартады. Доллардың бұдан әрі әлсірей түсуі де экономика көш басындағы мемлекет үшін үлкен соққы болуы мүмкіндігіне де назар аудартады. Есесіне, қиыншылықта да жедел дамудың жаңа дүмпуін көрсеткен Қытайды естен шығармаған жөн. Әлемдік сарапшылардың көпшілігі осы Қытай елін дағдарыста бірден-бір ұтымды жағдайда болған мемлекет ретінде сипаттайды. Ал 2009 жылы әлемдік экспорттаушылардың арасында біріншілікті еңсерген Қытай үшін 2010 жыл одан да сәтті болатынын болжайтындар жеткілікті.
Дегенмен, бұлардың барлығы болжам. Ал ондай экономикалық болжамның сорақысы осыдан дәл бір жыл бұрын да жасалған болатын. Дүние елдері үшін шым-шытырық болжауларға ұласқан аса ауыр кезең 2009 жыл болса, былтыр айтарлықтай күйреу мен қорқынышты құлдыраулар орын алған жоқ деуге болады. Керісінше, былтырғы жылдың соңына қарай болжамдардың басым бөлігі «жағымсыздан» «жағымдыға» қарай ойсырай бастады. Оның үстіне, бүгінгі таңда түрлі сәуегейліктің орын алып отырғанына қарамастан, сарапшылар әлемдік экономикада баяулап болса да орнықтылық белгілерін байқайды, сол үшін 2010 жылғы болжамдар басым жағдайда оң сипат алып келеді. Енді сондай болжамдардың бірқатарына тоқталып өтсек.
Мәселен, Халықаралық валюталық қордың әлемдік экономиканың өсу қарқыны бойынша болжамы 2009 жылғы 1,1 пайызға қарағанда 2010 жылы 3,1 пайызды құрайды. Бұнда да қор сарапшылары әлемдік экономиканың тұрақтылығы тым баяу болатынын алға тартады. Яғни, баяу болса да өсім болады. Бұның өзі дағдару мен құлдырауға қарағанда әлдеқайда үмітті болжам. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша аталған ұйымның 2010 жылғы экономикалық көрсеткіш болжамы 1,9 пайызға, АҚШ-та - 2,5 пайызға, Еуроаймақ - 0,9 пайызға өседі. Дүниежүзілік банк 2010 жылғы әлемдік экономиканың өсімін 2,6 пайыз деңгейінде қарастырады. Алдыңғы қатарлы ағылшындық консалтингтік компаниялардың бірі болып табылатын Capital Economics -тің зерттеулеріне қарағанда, 2010 жылы әлемдік ІЖӨ 2,7 пайызға артады. Оның ішінде АҚШ ІЖӨ - 3 пайызды, Еуроаймақтағы ІЖӨ - 1,5 пайызды құрайтыны болжанады. Әлемдік экономиканың жоғары өсімі бойынша тағы бір болжамды америкалық Morgan Stanley банкі ұсынып отыр. Банк 2010 жылы әлемдік ІЖӨ 4 пайызға дейін өсетінін күтеді. Morgan Stanley болжамдары бойынша дамушы елдердің экономикасы биылғы жылы 6,5 пайызға дейін артады екен. Ал АҚШ Мемлекеттік энергетикалық ақпарат басқармасы 2010 жыл бойынша әлемдік ІЖӨ-нің өсуін 2,6 - пайызға дейін болжайды.
Дағдарыс салқынының қайтып бара жатқаны туралы сөз болғанда, көптеген сарапшылар ең алдымен былтырғы 2009 жылдың мамыр айынан бері қарайғы мұнайдың әлемдік бағасының көтерілуіне сілтеме жасайтындай. Әлемдік экономиканың құлдырауынан энергия ресурстарына және оның өндірісіне де сұраныс қысқарғанын, соған сәйкес мұнайға бағаның да құлдырағанын ескерсек, бағаның былтырғыдан бері қалыпты көтеріліп отыруы қандай да бір қозғалыстың, сұраныстың болып жатқанын аңғартады. Ондай сұраныстың басым бөлігі 2009 жылы экспорттаушы елдердің көшбасшысы болған Қытай еліне қатысты болғаны анық. Қытай секілді жедел қарқындап отырған, оның үстіне мұнайды импорттаушы елдер мұнай бағасының төмендігінен ішкі қорларын қалыптастырудың қамын жасады. Ал ендігі сұраныс, яки баға бұндай ішкі қорларға ғана емес, әлемдік экономикаға да қатысты болары сөзсіз. Сонымен, бүгінгі таңда мұнай бағасы барреліне 70 доллардан асып отыр әрі осы көрсеткіш биылғы жыл бойына сақталатыны болжанады. Бір жағынан мұнайға бағаның бұндай өсу қалпын әлемдік экономиканың дағдарыстан шыға бастағаны деп қарауға да толық болмайды, «қара алтын» бағасы әлі де серпінді болуы мүмкін. Дегенмен, Мұнайды экспорттаушы мемлекеттер ұйымы да 2010 жылға қатысты әлемдік экономикада «жағымды» өсімді болжап, бұның 2,9 пайыздың деңгейде болатынын көрсетіпті. Ал ұйымның өз елдері ішіндегі (ОПЕК-тегі) экономикалық өсімнің болжамы 2010 жылы 1,3 пайызды құраса, АҚШ-1,6 пайыз, Еуроаймақ - 0,6 пайыз деңгейінде болжанады.
Жалпы, 2010 жылға қатысты болжамдардың барлығы бірізді болмайтыны түсінікті, оны жоғарыда айттық. Ендігі күні дағдарыстың беті қайта бастады дегенмен, оның салдарына орай атқарылатын шаралар да әжептәуір алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Мәселен, 2007 жылдан бергі күйзелісте әлем елдері бойынша жұмыссыздар саны еселеніп артты. Бұл үрдіс жақын уақытта тоқтайды деу де сенімсіз. Өйткені, әлемдік экономикалық өсімнің тым баяу болуы жұмыссыздық деңгейіне еш әсер етпейтіні айқын, қайта бұның өзі үлкен экономикалық қауіпке айналып кетуі де ғажап емес. Мәселен, Дүниежүзілік банктің былтырғы желтоқсан айында жарияланған баяндамасына қарасақ, соңғы он жыл ішінде әлем бойынша кедейлікпен күресте қол жеткізілген нәтиже қайта сарқыла бастағанға ұқсайды. «2010 жылға қарай Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағында кедейлер саны 10 млн. адамға артуы мүмкін. Бұған қоса орташа деңгейге қол жеткізген кейбір санаттар, созылмалы дағдарыс салдарынан қайтадан кедейлік кейпін киюі ғажап емес», делінген әлгі баяндамада. Сонымен бірге, Банк баяндамасында дағдарыс салдарынан отбасы бюджеттеріне ауыр салмақ түсіп, жұртшылықтың жалпы өмір сүру деңгейі де төмендеу үрдісі жайлы да айтылады. Бұған қоса, кредиттік, ипотекалық салмақ та біршама халықты қалжырататыны шындық. Сол үшін де ағымдағы жылы қай елдің болмасын үкіметі жұмыссыздықпен күресті бірінші орынға қоятыны анық. Өйткені жұмыссыздықтың өсуі экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуінің белгісі болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің 2010 жылы да «Жол картасы» аясында шараларды жалғастыруын, оның бағыттарын кеңейтуін жұмыссыздықпен күресті жандандыра түсу әрекеті деп қараған ләзім. Оның үстіне бытырғы жылы бұл бағдарлама өз тиімділігін әрі бұдан былай да қажеттілігін танытты.
Жалпы, әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде қазақстандық экономика да былтырғы жылды «дағдарыс кезеңіндегі жағымды көрсеткішпен» аяқтады. Сонымен бірге, әлемдік экономикалық жүйенің ықпалдас бөлігі ретінде қазақстандық экономиканың да дағдарыстан шығуы, еліміздің экономикалық өсімге қол жеткізуі көп жағдайда әлемдік экономиканың серпініне байланысты. Әлемдік экономика жанданып, Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныс артқан жағдайда өнеркәсіп өндірісінің өсімі қалпына келетіні айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, былтыр елімізде экономиканың рецессияға бой алдырмауы, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді сыртқы факторлар мен дағдарыстық құбылыстардың келеңсіз салдарының әсерін азайту үшін тұтастай шаралар кешені жүзеге асырылды. 2010 жылы атқарылатын негізгі шаралар да пысықталды. Дегенмен, де Қазақстан экономикасы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарысқа байланысты елеулі шығынға батпағаны, айығуы қиынға соғатындай құлдырамағаны қазірдің өзінде де белгілі болды.
Осы ретте ҚР Үкіметінің Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында елдің сыртқы даму жағдайына қатысты түсіндірмесіне үңіліп көрелік. «Халықаралық ұйымдар мұнайға, металдарға әлемдік бағалардың біртіндеп көтерілуін болжап отыр. 2010 жылдан бастап әлемде мұнайды тұтынудың 2014 жылға дейін жыл сайын 1,5-3 пайызға өсетіні күтілуде. Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, 2010 жылы мұнайға әлемдік баға бір барреліне 60-70 АҚШ доллары шегінде болады. Ал ABARE-нің (Австралия Үкіметі жанындағы ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және энергетика саласындағы экономикалық зерттеулер бюросы) болжамы бойынша, 2010 жылдан бастап металдарды әлемдік тұтыну көлемі орта есеппен 2014 жылға дейін жылына 4-6 пайызға өсуі күтілуде. Бұл металдарға бағалардың көтерілуіне мүмкіндік тудырады. Әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы жағдайлар тұрақталады және сыртқы қарыз алу шарттары жақсарады деп болжануда. Орта мерзімді кезеңде металдарға әлемдік баға жыл сайын орташа 5-8 пайызға артады», делінген Үкімет түсіндірмесінде.
Қазақстан Үкіметі негізгі басымдықты 2010 жылы индустриялық-инновациялық саясатты, «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға шоғырландырмақшы. Тоқтала кететін жайт, былтырғы жылы Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын қадағалау агенттігі 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдаған болатын. Онда бес негізгі бағыт: қаржы секторын тұрақтандыру, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс секторын қолдау, индустриялық-инновациялық жобаларды жалғастыру қамтылды. Ендеше 2010 жылы да дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарлама одан әрі жүзеге асады. Бұл турасында Премьер-Министр К. Мәсімов: «2009 жылы туындаған негізгі проблемалар түбегейлі шешімін тапты. 2010 жыл - бұл дағдарыстан, дағдарыстан кейінгі дамуға өту жылы. Келешектегі Қазақстанның дамуы 2010 жылды қалай өткергенімізбен байланысты», - деген болатын.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда Қазақстан үшін ғана емес, әлем елдері үшін де 2010 жылдың қалай өрбитіні маңызды болып тұр.