Жаһандық дағдарыстарға тұрақтылық артады
Мәселен, үш елдің экономикалық әлеуетінің көлемі өте жоғары. Жалпы өнеркәсіптік әлеует көлемі 600 млрд долларды, мұнайдың жиынтық қоры - 90 млрд баррельді, ауыл шаруашылығының көлемі - 112 млрд долларды құрайды.
Еуразиялық экономикалық одақ тек қана тұтыну нарықтарын кеңейтіп қоймай, экономикалық ынтымақтастықтың көптеген салаларына жағымды әсерін тигізеді. Соның нәтижесінде, алдағы уақытта Еуразия кеңістігінде аса қуатты макроөңір пайда болады. Бұл жерде экономикалық интеграцияның дамуы одаққа мүше елдердің бәріне бірдей пайдалы болмақ. Өйткені, олар жаһандық қаржы және экономикалық дағдарыстармен бірлесіп күреседі. Мұндай пікірді халықаралық және отандық сарапшылар да қостап отыр. Қазақстан-Аустрия қауымдастығының мүшесі Анна Цайтлингердің пікірінше, кез-келген қарқын алған экономикалық қуат басқа елдер үшін геосаяси тақырыпты, мәселені туғызады. «Мысалға, Еуропалық одақтың өзі еуразиялық интеграциядан қандай да бір қауіп көретіні белгілі. Өйткені, батыс елдері геосаяси аренада жаңа қуатты ойыншы пайда болатынын жақсы түсінеді. Бұл ойыншының әлеуеті зор. Үш елдің алып аумағы, қуатты экономикасы біріккен кезде қуатты әлеуетке ие болады. Еуроодақ елдері осыдан қауіптенеді»,- дейді шетелдік сарапшы.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның айтуынша, ЕЭО Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет атап айтқандай, ашық жоба. Яғни, оған ниет танытқан кез-келген мемлекет қосыла алады. Және ол басқа да өңірлік интеграциялық бірлестіктермен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатады. «Еуразиялық одаққа бірінші болып Армения кіруге өтініш білдірді. Одан кейінгі кезекте Қырғызстан мен Тәжікстан тұр. Мұның өзі ЕЭО-ның ашықтығын, келешегі бар жоба екенін көрсетеді. Яғни, одаққа кіретін елдер өздерінің ұлттық мүддесі ескерілетінін жақсы біледі»,- дейді қазақстандық сарапшы. Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, 95,6 пайыз қазақстандықтар интеграция бұл - Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық бағдар деп санайды. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 84 пайызы ЕЭО аясында одан әрі интеграциялық үдерістерді дамыту қажет деген пікір білдірген. Яғни, бұдан көрінетіндей, Қазақстан қоғамы интеграциялық үдерістерді прагматикалық тұрғыдан оң қабылдайды.
Сөзіміздің басында ЕЭО жаһандық дағдарыстарға деген тұрақтылықты арттыратынын айттық. Экономикалық одақтардың тәжірибесінде мұндай артықшылықтардың бары әлемдік бірлестіктерден көрінеді. Мысалға, Еуропалық одақты немесе 1999 жылы құрылған Африка мемлекеттерінің одағын келтіруге болады. Африка одағына қазіргі кезде 53 мемлекет кіреді. Және бұл одақ африкалық интеграцияның тек пайда әкелетінін дәлелдеп берді. Экономикалық дағдарыс әлі толық жойылған жоқ. Сондықтан, болашақта қуатты экономикалар ғана оған қарсы тұра алатыны сөзсіз. Елбасымыздың өзі бұл туралы осыдан 5 жыл бұрын: «Еуразия халықтарының интеграциясы бізге ауадай қажет. Өйткені, саяси тәуелсіздігіміз бен этникалық бірегейлігімізді сақтай отырып, экономикалық қуатымызды біріктіргенде ғана еуразиялық кеңістіктегі тұрақты даму мен қауіпсіздікке қол жеткізе аламыз» деген еді.
Әмірлан Әлімжан