Жаһандық экономикалық басқарудың тиімді механизмін құру қажет - Қазақстан Президенті

Мұндай мәлімдемені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66- сессиясында сөйлеген сөзінде жасады.
«Экономикалық процестердің жаһандану деңгейінің өсуі БҰҰ қызметінің экономикалық құрамдасының парадигмасын өзгертудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Валюталық және сауда-экономикалық реттеу саласындағы әлемдік құрылымдардың басты жұмыс мазмұны әлемдік дағдарыстарға болжау жасау және оны болдырмау болуы тиіс. Қазіргі күні жаһандық дағдарысқа әлемдік қаржы жүйесінің ақаулығы себепкер болғандығымен барлығы келісіп отыр. Бірақ ол ақауларды жою үшін әлі күнге дейін ешқандай шаралар қолға алынған жоқ», - деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті атап өткендей, бұл мәселедегі сылбыраулық, дағдарыстың жаңа толқынына, әлемдік және аймақтық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Н.Назарбаев қазіргі күні жаһандық реттеу туралы Пакт жасау идеясы көкейкесті болып отырғандығын айтты.