Жаһандық экономиканың жағдайы елордада талқыланды

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Осы аптада Астананың саяси өмірі буырқанып тұрды десек те болады. Әдетте орталық атқарушы органдардың тыныс-тіршілігі қауырт болып жататын болса, соңғы 3-4 күннің ішінде олардың жұмыстарына халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қосылып, нағыз абыр-сабыр орын алды. Солардың ең бастысы - V Астана экономикалық форумы.
None
None

 Осы алқалы жиынның ресми басталуынан 1 күн бұрын ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып кеңес мүшелерінің алдында сөз сөйледі. Ірі шетелдік компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысқан шарада Елбасы кеңес құрамындағы өзгерістер туралы мәлім еткеннен кейін еліміздің Тәуелсіздік 20 жылдығында қол жеткізген жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Осыдан кейін кеңес мүшелеріне «Жаңа Жібек Жолы» жобасын таныстырды. «Қазақстан Еуропа мен Азия арасында өзгеше көпір бола отырып, өзінің тарихи рөлін жаңғыртып, Орталық Азия өңіріндегі ірі іскерлік және көлік хабына айналуы керек. Осы мега-жобаны іске асырудың нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылы көлік жүк ағынының көлемін 2 есеге арттырып, ал келешекте оны кемінде 50 миллион тоннаға дейін жеткізу керек», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Сонымен қатар жиын барысында кеңес мүшелері сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Қазip дүниежүзінің экономикасы аласапыран өзгерістерге толы алмағайып кезеңді бастан өткеріп, жаһанды жайлап келе жатқан дағдарыс тұрақты дамуға елеулі қатер төндіріп отырғандығы шындық. Міне осындай кезеңде елорда төрінде ҚР Президентінің қатысуымен өткен 5-ші Астана экономикалық форумында әлемдік экономиканың даму мәселелері жан-жақты талқылданды. «Қазақстан өз жолының табысты екенін іс жүзінде дәлелдеген ел ретінде, біздің өркендеуіміз және өзге елдің гүлденуі әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздік болмайынша мағынасыз екенін жете түсінеді. Әлем үздіксіз прогреске жылжуы үшін барлық мемлекеттерге арналған XXI ғасырдағы еркін әлемнің іргелі қағидаттарын міндетті түрде әзірлеу қажет. Менің көзқарасымша, адамзат өркениетінің даму бағыты мен G-GLOBAL қағидаттары деп атауды ұсынып отырған мынадай бес қағидат негізінде қамтамасыз етілуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.

Сонымен Ұлткөшбасшы атап өткен бірінші  қағидат - бұл революция емес, эволюция. Бұл орайда Н.Назарбаев адамзат өткен ғасырда революция мен әлемдік соғыстарға лимитін бітіргенін баса айтты. Екінші қағидат - бұл әділеттілік, теңдік, консенсус. XXI ғасырда елдердің ұлы және екінші қатарлы, жетекші және салмақты деп бөлінуі өркениетті түрде ескірді. Келешекте жаhандық шешімдер барлық деңгейде - БҰҰ, халықаралық үйымдар, аймақтық бірлестіктер, форумдар мен саммиттерде тек консенсус негізінде қабылданатыны маңызды. Үшінші қағидат - бұл жаhандық толеранттылық пен сенім. Бұл ретте геосаяси салмағы мен ықпалына, тарихи тәжірибесіне, экономикалық даму деңгейі мен қоғамына қарамастан мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар толерантты болуы тиіс.Төртінші қағидат - бұл жаhандық транспаренттілік. G-GLOBAL форматындағы әлем - бұл ұлттың транспарентті қоғамдастығы. Халықаралық істерде кең түрде ашықтық және мөлдірлік қажет. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және  ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті барысында барлық серіктестерін осыған шақырған  XXI ғасырдағы әзірше жалғыз ел болып отыр. Бесінші қағидат - бұл сындарлы көпполярлық. Елбасының пайымынша, көпполярлық әлемді құру - бұл XXI ғасырдағы жаhандық дамудың тренді. Сөз соңында Қазақстан Президенті Астана форумына қатысушыларды жаhандық дағдарысқа қарсы жоспарды әзірлеу үшін Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өткізу туралы БҰҰ-ға Үндеу қабылдауға шақырды. Айта кетерлігі, бұл бастама кеше форумның қорытынды отырысында қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы мен Нобель сыйлығы лауреаттары Астана клубының тең құрылтайшылары рұқсат берді. Менің атап өткенім дұрыс, бұл бастамаға ҚР Президентінің әкімшілігі қолдау білдірді. Сонымен қатар Астана қаласының алаңында өтетін Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның 2013 жылдың 24 мамырда өтетіндігі нақтыланды», - деген болатын форумның жабылуында Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы төрағасының орынбасары Михаил Федоров.

 

Моноқаланың мұңы шешілмек

 

Осы аптада Үкімет үйінде бас қосқан Министрлер Кабинеті 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасының жобасын қабылдады. Аталған құжатты таныстырған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бағдарлама жобасы облыс әкімдерінің орынбасарлары және моноқалалар әкімдерінің қатысуымен Теміртау қаласында өткен семинар-кеңесте талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Моноқалалардың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын қолдау бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі екеніне тоқталған министрдің айтуынша, бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруды жеделдету үшін республикалық бюджеттен бірінші кезектегі абаттандыру жұмыстарына ілкі түрде 6 млрд. теңге бөлінген.  «Жалпы бағдарламаны іске асыру үшін 3 жылдық мерзімге атап айтқанда, 2013 жылы - 38,2 млрд., 2014 жылы - 43,2 млрд. және 2015 жылы 53,9 млрд. теңге қаражат қарастырылған», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бағдарлама екі кезеңге бөлінген, атап айтқанда бастапқы кезең 2013-2015 жылдарды және 2020 жылға дейінгі сенімді даму кезеңін қамтиды. Бұл 2020 жылы келесі мақсатты индикаторларға: бір салалы қалаларда белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпорындардың санын 4 есеге көбейтуге, бір салалы қалаларда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 6 пайыздан аспайтын деңгейге дейін төмендету, бір салалы қалаларда жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан аспайтын деңгейге дейін төмендетуге қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар Бағдарламада моноқалалармен қатар ағымдағы жылы бір салалы қалалар тізбесіне кірмеген шағын қалаларды да дамыту жөнінде кешенді жоспарлар әзірлеу қарастырылған. Іс-шараларды қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады. Сөз соңында Б.Сағынтаев облыс әкімдіктері 1 шілдеге дейінгі мерзімде әрбір моноқаланың дамуының кешенді жоспарын әзірлеп, Экономикалық даму және сауда министрлігінің қарауына енгізуі қажеттігін баса айтты.

 

Бауырлас елдер ынтымақтастыққа барын салмақ

 

Тәуелсіздік алған елең-алаңда Қазақ елінің егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындаған бауырлас Түрік елімен арадағы қарым-қатынас 20 жылдың ішінде айтарлықтай жоғары дәрежеге көтерілді. Өткен жылдың өзінде-ақ екі елдің арасындағы екі­жақ­ты сауда айналымының көлемі 3,3 миллиард долларға жетті. Бүгінде елімізде  түрік капитал­ының қатысуымен 3422 кәсіпорын тіркелсе, біздің де 150-ден астам компаниямын Түркия жерінде шаруасын дөңгелетіп отыр. Міне осылайша барлық саладағы қарым-қатынас жолға қойылған елдің Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоған елордаға 5-ші Астана экономикалық форумына қатысу үшін арнайы келіп, оның аясында қазақ-түрік бизнес форумының да басы-қасында жүрді. Екі елдің арасында қол қойылған құны 1 млрд. долларлық келісімдердің куәсі болды. Дәл осы жиынның ашылу рәсіміне елімізідң үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те арнайы қатысты.  Ол өз сөзінде қазіргі уақытта Қазақстан экономикасын дамытуға түрік бизнес өкіл­де­рі­нің елеулі үлес қосып отыр­ған­дығын ерекше атап өтті. Осыдан кейін сөз алған Түркия Үкімет басшысы өз елінде әлеуметтік баспана салу іс қарқынды дамығандығын әрі өз тәжірибесін Қазақстанмен бөлісуге де кетәрі еместігін баса айтты. «Тұрғын үй сұранысын қамтамасыз ету тұрғысынан алсақ, менің ойымша Қазақстан біздің әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге қатысты тәжірибемізді пайдалана алады. Жалпы алғанда мен Түркия жағдайына қатысты: «ең азы - 3 бала» деп айтушы едім. Ал кең байтақ Қазақстанда бұл туралы - «ең азы бес бала» деп айтуға болады», - деді Р.Эрдоган.

Туризм саласы Түркияда өте қуатты дамыған сала екіндігіне әрі бұл салада әлемде жетекші орындарды иеленетін айтқан ол бұл орайда Қазақстанның да туризмді дамытуға мүмкіншілігі мол екендігіне тоқталды. «Бұл ретте Түркия туысқан елге барынша көмек көрсетуге мүдделі. 2011 жылы 300 мыңнан астам қазақстандық Түркияда туристік сапарда болған екен. Бұл місе тұтар меже емес. Ал­да­ғы уақытта екі ел арасындағы туристік байланыстарды дамыту үшін жаңа әуе бағыттарын ашу керек. Осыған байланысты біз екі елдің тиісті министр­лік­теріне арнайы тапсырма бердік», - деді Түркия Премьер-Министрі.

Айта кетерлігі, Түрік үкіметінің басшысы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың бірі - Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі  стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы бірлескен мәлімдеме. Құжатта екі елдің жоғары саяси басшылық деңгейінде мемлекетаралық механизмдер құру декларацияланған. Кеңес Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың ықпалды құралына айналады және барлық саладағы іс-қимылдың екіжақты және көптарапты қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын анықтайтын болады. Сонымен Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойды. Құжат мемлекеттердің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастығын аталған өзара іс-қимылға жаңа бағдарламалық мәртебе беру есебінен жаңа деңгейге шығаруға арналған. Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Түркия Республикасының Премьер-Министрі отандық және шетелдік журналистер қатысуымен брифинг өткізді.

 

Соңғы жаңалықтар